28 сәу, 2023 сағат 10:35

Жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаржы 72 жаңа мектептің құрылысына жұмсалады

Фото: primeminister.kz

Жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаржы 72 жаңа мектептің құрылысына жұмсалады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Үкіметі сыбайлас жемқорлардан сот арқылы алынып, мемлекетке өткен ақшалай қаражатты мектептердің құрылысына беру тетігін бекітті. Тиісті түзетулер енгізілген қаулыға ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды.

"Бүгінгі таңда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 миллиард теңге түсті. Сонымен қатар ел басшылығының тапсырмасы бойынша Республикалық бюджет комиссиясы 106,7 миллиард теңгені құрайтын 72 жобаны қолдады. Атап айтқанда, 94,1 миллиард теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға; тағы 12,6 миллиард теңге үш жаңа нысанның (екі ауысымда 1400 орынға арналған екі мектеп және 200 орындық мектеп-интернат) құрылысын аяқтауға бағытталады.

Осылайша, бұл механизм үш ауысымды оқыту, апатты мектептер мен оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге айтарлықтай үлес қосады", - делінген хабарламада.