ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде «Цифрлық теңге» пилоттық жобасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүкіл әлем бойынша 63 орталық банк ұлттық цифрлық валюталарды енгізу мәселесін зерделеуде. Ұлттық банк нарық қатысушыларымен бірге «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске асыра бастады. Біз төлем сервистерінің қолжетімділігін арттырып, экономикадағы транзакциялардың құнын төмендету үшін жобаның айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз. Цифрлық теңге платформасы түбегейлі жаңа сервистер құру үшін де мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте ұлттық цифрлық валютаны шығарудан туындайтын барлық ықтимал тәуекелдер мен артықшылықтарды жан-жақты бағамдау қажет», - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, биылғы желтоқсанда пилоттық жобаның нәтижелері бойынша баяндама жарияланады, онда технологиялық сараптаманың қорытындылары, нарық қатысушыларымен, сараптамалық қоғамдастықпен бірге жасалған зерттеулер мен талқылаулардың нәтижесі жарияланады.
«Экономикалық жағдайлар жылдам өзгеретін шақта қаржы нарығының бизнес-деректерінің бірыңғай платформасын құру арқылы реттеушілер мен нарыққа қатысушылар арасындағы жоғары технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету маңызды. Кредиттік тіркелім қаржы нарығының басқа дереккөздерімен бірге бірыңғай деректер қоймасы – қаржылық data lake үшін негіз болады. Бұл қадағалау және реттеу мақсатында озық талдауды қолдануға арналған жаңа мүмкіндіктерді ашады және нарыққа қатысушылар үшін реттеуші талаптардың сақталуын жеңілдетеді. RegTech және SupTech технологияларын енгізу дата-орталықтандырылған қадағалау мен реттеуге көшуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ нарық шығындарын азайтады», - деп түсіндірді спикер.
Сонымен бірге Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) пилоттық режимде «Кепілдік берілген өтемді төлеудің электрондық порталын» іске қосты.
Е. Досаевтың айтуынша, бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекеттер достастығында мұндай онлайн төлем жүйесінің баламасы жоқ.