Шымкент полицейлері күзетшімен жанжалдасқан әйел кім екенін анықтады. Желіде ол прокурордың әйелі екені айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Әлеуметтік желілерде "Қызылорда облысы прокурорының әйелі күзетшіге қоқан-лоқы жасады" деген ақпарат тарап жатыр. Осы дерек бойынша 19 шілдеде Шымкент Полиция департаменті әл-Фараби аудандық полиция басқармасына "Күзет" қызметкерінен 15 шілдеде сағат 14.00-де ЖШС ғимаратында күзетшілерге тіл тигізіп, қорлаған белгісіз қызды жауапкершілікке тарту туралы арыз түскен.
"Полицейлер әйелдің кім екенін анықтады. Ол - 1984 жылы туған жергілікті тұрғын, бұрын Д.-ға тұрмысқа шыққан, ал ол прокуратура қызметкері емес. Қазір әйел ресми түрде ешкіммен некеде тұрмайды", - деп түсіндірді қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Тәртіп сақшылары әйелді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдамақ.