14 там, 2024 сағат 10:12

Желіде танысқан: Павлодар облысында белгісіз ер адам 13 жастағы қызды зорлап кетті

Фото: depositphotos.com 

Павлодар облысында ер адам Telegram мессендержері арқылы 13 жастағы қызбен сөйлесіп, артынша зорлап кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform басылымына сілтеме жасап.

Облыста жасөспірім қыздарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің үш бірдей оқиғасы кейінгі бір апта көлемінде анықталып отыр. Ал, жыл басынан кәмелет жасына жетпегендердің жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар бойынша 10 факті белгілі болған. 

Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова хабарлады. 

"Павлодар облысында кәмелет жасына толмаған 13, 16 және 17 жасар қыз балаларды зорлау фактісі расталды. Алғашқысы Екібастұз қаласында болған. Ер адам Telegram мессендержері арқылы қызбен сөйлесіп, кейін онымен кездесіп, ойындағы зұлым әрекетін жүзеге асырған. Ал, 16 және 17 жасар қыз балалар өзге өңірлерде тұрады. Олар өздерінің зорлық-зомбылықтың құрбаны болғаны туралы ешкімге тіс жармаған. Барлығымен сөйлестім. Қыздардың бірі бірнеше күн отыра алмағанын мойындады. Қолын ұстағанымда дірілдеп, көз жасын төгіп, жылады. Мен бұл жағдайға оның кінәлі емес екенін түсіндіруге тырыстым” – деді Сәуле Шәкенова.


Статистикаға қарай, зорлық-зомбылық жасайтындар көбіне өз әкесі немесе өгей әкесі, отбасының өзге туыстары, бірге тұратындар, көршілері, отбасының достары болып шығады дейді ол.

Ал, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов 16 және 17 жастағы қыздарды зорлау фактісі бойынша бір күдікті азаматтың ұсталғанын мәлімдеді. 

"Кәмелетке толмағандарды зорлау фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды", – деді ол.