23 шіл, 2022 сағат 10:40

Желіде Талғар ауданындағы мектеп мүлкі сатылымға қойылған


Танымал сату - сатып алу сайтында Талғар ауданында орналасқан мектеп мүлкі сатылымға қойылған, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Хабарламада Талғар ауданы Гүлдала ауылындағы № 21 мектептің ескі терезелері сатылатыны жазылған. Бір терезе 30 мың теңгеге бағаланған. Сонымен қатар, сатылымға кітап оқуға арналған лампалар да қойылған. 

Әкімдік өкілдері мектепте 2022 жылдың наурызынан жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын растады. Мердігермен 1 миллилард 142 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Бүгінде демонтаж жұмыстары біткен, енді құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 

"Жоба бойынша барлық жұмыс істелді, оның ішінде, терезені және лампаларды ауыстыру жұмыстары да бар. Мердігер ұйымның мәліметінше, хабарламаны жариялаған Бекзат ЖШС-да істемейді, сәйкесінше, оның мердігер ұйымға қатысы жоқ. Өтіп бара жатқан кез келген адам суретке түсіріп алуы мүмкін. Нысанға күн сайын жұмыс іздеп жүздеген адам келеді", - деді Талғар аудандық білім бөлімінің өкілдері.   

Мердігер ұйымда хабарламаға байланысты ішкі тергеу жүргізілмек. Хабарламаны кім жариялағаны анықталған жағдайда жұмыстан қуылады.