KAZ.NUR.KZ
Шығыс Қазақстанда тау бөктеріндегі ауыл тұрғындары аюлардан үркіп отыр. Риддерде жыртқыштар елдімекен ішіне кіріп, аулада тұрған бұзауды сүйреп кеткен деген ақпарат тарауда. Одан бөлек, жергілікті тұрғындардың чаттарында аюдың ірі қараға шабуылдап, сау-тамтығын қалдырмаған видео тарап, халықты одан сайын дүрліктіріп отыр. Құзырлы орган аталған видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Әлеуметтік желіде қара аюдың бұзауды сүйреп, қойдың қарнын ақтарып тастаған видеосы тарады. Жұрт мұны Риддерде болған оқиға екенін айтуда. Әйтсе де, мамандар бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
"Әлеуметтік желіде жүрген қос видеоның ШҚО облысына ешқандай қатысы жоқ. Бұл жалған ақпарат. Оған сенбеуге шақырамын. Біріншіден, бұл оқиға Кавказда болған. Екіншіден, біздің өңірде қара аю жоқ. Тек, қоңыр аю ғана мекендейді", - делінген ақпаратта.
Қазір өңірде жыртқыштың саны артқан. Мамандардың есебі бойынша, облыста үш мыңнан астам аю бар. Енді олар азық азайғандықтан елді-мекендерді торуылдайтын болған. Ал оны екінің біріне атуға рұқсат жоқ. Сондықтан қып-қызыл шығынға баттық деген бақташылар мен омарташылар аюлардың санын дереу арада азайтуды талап етуде.
"Маусым айынан бері аюлар маза бермей жатыр. 26 ара ұясын жойды. Ал бұл шамамен бір жарым миллион теңге шығын. Шамамыз келгенше жыртқыштан қорғанып, әлекке түсіп жатырмыз. Біреу "Электр пештерін" қояды, енді бірі түтін перделерін жасайды. Бірақ, ашыққандары соншалықты, оған да қарамай шабуыл жасап кетеді", - дейді омарташы Алексей Погодин.
Бүгінде жыртқыштардың ойранынан Зырян, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласының маңындағы халық көп зардап шегіп отыр.
Назар аударыңыз: Видеоны жүйкесі жұқа, жүрегі әлісіз жандарға, жүкті әйелдерге қарау ұсынылмайды!