Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 149 нысан сенімгерлік басқаруға беріліп, 7 нысан таратылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 733 объектіні сату көзделген.
Есепті кезеңде сомасы 50 млрд теңгеге 149 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 120 объект сатылымға қойылды. 7 объекті таратылады. Алдағы уақытта 397 объектіні өткізу керек», - деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ол Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алу бағытында жүргізілген камералдық бақылаудың қорытындыларын баяндады.
«Биылғы 9 айдың ішінде 5,7 трлн теңгенің 675 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексерулер қорытындысында 32,4 мың рәсім бойынша бұзушылықтар анықталып, оларды жою туралы жіберілген хабарламаның 98% орындалды. Аудиторлық іс-шарамен 1 трлн 671 млрд теңгенің бюджет қаражаты қамтылып, 155 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды», - деді министр.