Жекешелендіру аясында 125,5 млрд. теңгеге 451 нысан сатылды. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік нысандарды жекешелендіру жайында баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің дерегінше, жекешелендірудің 2016 - 2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында бәсекелес ортаға 878 ұйымды беру көзделеді. Оның 68-і ірі компаниялар. Олардың 14-і республикалық меншікте, 1-еуі коммуналдық меншікте, ал 53-і ұлттық басқарушы холдингтердің қарамағында. Мұнан бөлек қорлардың құрамына кіретін 168 нысан бар. 50 республикалық ұйым мен 440 коммуналдық меншіктегі нысан да аталған жоспар аясында жеке иелікке өтетін болады. Ал 152 ұйым ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың меншігіндегі нысандар.
Экономиканы жандандыру мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2017 жылғы 15 ақпандағы ұсыныстары бойынша ҚР Үкіметінің шешімінің негізінде «Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ-ның 14 филиалы дербес заңды тұлғаларға бөлінді және «Астана халықаралық әуежай» АҚ «Көкшетау авиакомпаниясы» АҚ қосып алу жолымен қайта ұйымдастырылды. Осыған байланысты жекешелендіру нысандарының саны 891-ге дейін көбейді», - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні сатылатын нысандардың саны 589 ұйымды құрайды. Олардың 488-і биыл, ал 101-і келесі жылы сатылады деп жоспарланған.
«Ірі компанияларды сату мәселелері тұрақты түрде мемлекеттік комиссияның отырыстарында қаралады. Бүгінгі күні ТОП-68-ден 32 активті сату тәсілі бойынша шешімдер қабылданды. Оның ішінде 8 компания республикалық меншікте және 24 компания қорлардың меншігі. Жалпы 2014 жылғы маусымнан бастап 2017 жылғы 23 маусымға дейін 125,5 млрд. теңгеге 451 нысан сатылды»,- деді ол.