30 шіл, 2024 сағат 17:27

Жекеменшік мектеп - заман талабы ма?

Фото: otyrar.kz

Елдегі өзекті мәселелердің бірі - мектеп тапшылығы. Қазіргі уақытта бас қала - Астананың өзінде әрбір он баланың біреуіне мектепте орын жетпейді, ол 27 мың оқушы. Сондықтан да болар соңғы жылдары жекеменшік мектептер көбейе түскен.

Егер стандарт бойынша бір сыныпта 25 баладан аспауы керек болса, көптеген білім мекемелерінде бір сыныптағы бала саны 40-қа таяп қалған. Тіпті үш аусымда оқитын мектептер де жетіп артылады. Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаменті былтыр 2026 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 млн 100 мыңға жетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Осы себепті де болар қазіргі уақытта жекеменшік мектептердің саны артып келеді. 2022 жылы елде 408 жекеменшік мектеп жұмыс істесе, 2023 жылы олардың саны 563 ке жеткен. 

Қазақстанда бір ерекшелігі барлық мектептерде білім беру стандарты бірдей, оны Оқу-ағарту министрлігі бекітеді. Ал АҚШ, Сингапур сияқты кейбір елдерде әр білім мекемесі өз білім беру жүйесін құрған, кей елдерде қала немесе аудан көлемінде бекітілетін стандартпен жүреді.

Біздегі жекеменшік білім орындары Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігіне есеп беріп, мемлекеттік стандарт бойынша жұмыс істесе де, оқытуда авторлық әдістемелер мен тәсілдерді енгізе алады. Мысалы мектеп белгілі бір пәнге баса назар аударуы мүмкін немесе STEAM, шет тілдері, дайындық сабақтары болсын, олимпиадаға дайындық немесе робототехникаға күш сала алады. Сондай-ақ кей мектептерде оқушылардың ата-аналары оқу орнының саясатына әсер ететін маңызды шешімдер қабылдауға қатыса алады.

Жекеменшік мектептердің мемлекеттік мектептерден білімі сапалырақ деп айтуға келмес. Әр мектеп әртүрлі екенін 3 баланың анасы Марина Болатқызы айтады:

"Кенже баламды жекеменшік мектепке бердім. Мектепте жасалған жағдай, білім жақсы болар деп ойладым. Расымен де әр балаға көңіл бөлуі, олардың жағдайын жасауы жақсы болып шықты. Білімі де көңілімнен шықты. Бірақ үлкен балаларым барған мемлекеттік мектептерде де білім нашар деп айта алмаймын. Барлығы мектептің үйлестіру бөліміне, яғни тікелей басшыларына байланысты дер едім", - дейді жас ана.

Әдетте ата-аналар жекеменшік мектеп таңдағанда оның орналасқан ауданы, сабақ кестесі, тасымалдау мен тамақтануы, сондай-ақ оқу ақысы және жеңілдіктерге баса назар аударады. Бұдан бөлек мектептер мен үйірмелер қандай бағытта көбірек оқытатыны, сыныптағы мұғалімдер мен орындардың саны, метепке қабылдау шарттары мен бала бұл мектептен шет тілін қаншалықты меңгеріп шыға алатынына мән береді.

"Балам қазір екінші сыныпқа барады. Ағылшын тілін үйреніп, жүзуге де машықтанып қалды. Мені сол қуантады. Әйтпесе оқу ақысы өте қымбат. Биылғы оқу жылында тағы қымбаттайды деп жатыр", - дейді Марина Болатқызы.


Енді Қазақстандағы ең танымал жекеменшік мектептердегі жылдық оқу ақысына тоқталып өтейік:

"TAMOS Education" мектептер желісінде баласын оқытқысы келетін ата-ананың қалтасында 3 млн теңге шамасында болуы тиіс. Егер «CAMBRIDGE» бөлімінде оқытқысы келсе, 6 млн теңгеге дейін қаражат жұмсауға дайын болғаны жөн.

Егер балаңыз халықаралық "Haileybury" мектебінің 10-сынып оқушысы болса алдағы оқу жылында 5 775 000 теңге төлейсіз. Бұл соммаға тамақтану, мектепке апарып қайту және мектеп формасы кірмейді.

2024-2025 оқу жылында "Kazakhstan International School" 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі Қазақстан және ТМД балаларын 2 524 500 теңгеге оқытпақ.

2018 жылы құрылған "NGS жаңа ұрпақ мектебіне" әр бала 4 245 000 теңге төлеп оқиды.  

Қазақстандағы алғашқы жекеменшік мектептер қашан ашылды?

Елдегі алғашқы мемлекеттік емес (жеке) мектептер 1992 жылы пайда болды. Олардың қатарында "Архимед мектебі", "Көк желкен", "Сенім", "Диалог", "Альтер "Еркін Даму мектебі", "Бест" білім беруді дамыту Қоғамдық Қоры жанындағы ЮНЕСКО-ның "Бест" қауымдастырылған мектебі бар.

"Көкіл" алғашқы жекеменшік қазақ мектебі 1995 жылы Алматы қаласында пайда болды.

1996 жылдан бастап жеке мектептер жоғары оқу орындарында, колледждерде және мемлекеттік мектептерде ашыла бастады. Бұл " Тұран" университеті базасындағы "Тұран" мектеп-лицейі (Алматы қ.), Республикалық физика-математика мектеп-интернаты жанындағы "Келешек" мектебі. Жәутікова, ЮНЕСКО-ның Қазақ-Америка университетінің қауымдастырылған мектебі (1998ж.), Астана қ. №9 гуманитарлық-экономикалық лицей жанындағы Экономикалық лицей (1998ж.) және т. б.