Жеке тұлғалардың банкроттығын реттейтін заң жобасын таныстырған Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов жалғыз баспананы қай жағдайда банк алып қоя алатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сомасы 4,9 млн теңгеден асатын борыштардың барлығы бойынша азаматтар сот арқылы банкроттық рәсімдей алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылуы мүмкін. Заңның маңызды тұстарының бірі осы. Сондықтан да бұл сот банкроттық сот арқылы рәсімделеді. Әр мәселе сотта тыңғылықты қаралуы керек. Түскен қаражат кредиторларға кезектілік бойынша өтеуге жіберіледі», - деді Қайрат Миятов.
Заң жобасындағы жалғыз баспананы алып қою мәселесі Үкіметке өзгеріссіз жіберілгені атап өтілді.
«Жалғыз баспана кепілге қойылған болса, кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы болады. Егер жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оған өтініш бере алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкер мүлкі бар екенін жасырып, жалған ақпарат бермеген болса, есептен шығаруға жатады.
Алайда, алимент және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығаруға жатпайды», - деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.