07 мау, 2023 сағат 23:34

Жеке тұлғалардың реестрі жасалады: заңсыз алынған активке қатысты заң жобасы мақұлданды

Фото: Азаттық радиосы

Парламент Мәжілісі "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолдармен "қауіпсіз, жайлы орын" тауып жатады. Бұл қаражат заңсыз түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына салынады, шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларда жатады.

"Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару процесі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс. Осыған байланысты қаралып отырған заң жобасын әзірлеу және қабылдау бүгінде өте өзекті болып отыр. Басты мақсат – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау", - деді Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Заң жобасы аясында арнайы уәкілетті орган және комиссия құрылады. Заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалып, мемлекеттік қор жасақталады.

"Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады", - деді депутат.

Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына лауазымдық шенді пайдалану арқылы негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады, оның ішінде:

• жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады;

• әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып, активтерге заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасу.

"Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар. Осылайша, заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді", - деді Бейсенбаев.

Сонымен қатар, заң жобасында шетелден активтерді қайтару бойынша жұмысты заң аясында жүргізу тетіктері қарастырылған.

Активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген:

• ерікті түрде қайтару. Өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады;

• соттардың шешімдері негізінде қылмыстық процесс аясында заңсыз алынған активтерді тәркілеу;

• соттардың активтерді негізсіз байлық ретінде тану туралы шешімдерінің негізінде және мүліктің қылмыстық шығу тегі болған кезде заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару;

• соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу.

Бұдан бөлек, заң жобасында Азаматтық процесс аясында тәркілеудің мынадай алгоритмі көзделеді:

• егер мониторинг және ақпаратты талдау қорытындылары бойынша уәкілетті органда құны 100 млн доллардан асатын активтерді сатып алу көздерінің заңдылығына байланысты негізді күмән туындаса, уәкілетті орган субъектіні және оның үлестес тұлғаларын реестрге енгізу мәселесін комиссияның қарауына шығарады;

• материалдарды қарау қорытындылары бойынша комиссия адамды реестрге енгізу немесе қоспау туралы ұсыныс береді;

• уәкілетті орган реестрге енген азаматтарға олардың активтері туралы декларацияны тапсыру құқығының бар екенін жеткізеді.

Декларацияларды тексереді және тексеру нәтижелерін комиссияның қарауына шығарады.

Соның нәтижесінде, комиссия одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынымдар шығарады; егер адам декларацияны тапсыру арқылы өз активтерінің шығу тегін растай алмаса не декларацияны табыс етпесе, мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін.

Заң жобасында арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компанияның қызметі регламенттелген. Арнайы мемлекеттік қор – қайтарылған активтерді жинақтау және өткізу үшін қазынашылық органдарында ашылған үкіметтің қолма-қол ақшасын бақылау шоты.

Басқарушы компанияның міндеттері: мемлекет атынан өзіне қайтарылған активтерді меншікке қабылдау мен заңды басқару, қаражатты арнайы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету.

Мәжіліс депутаттары заң жобасы мен оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.