28 ақп, 2023 сағат 14:11

Жеке тұлғалардың банкроттыққа өтінім қабылдау процедурасы толық дайын

Фото: elements.envato.com

Жеке тұлғалардың банкроттыққа өтінім қабылдау процедурасы толық дайын. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаржы министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар 3 наурыздан бастап өтінім қабылдау процедурасын толықтай дайындады. Бірден айта кетейін, жеке тұлғалардың банкроттығын жүзеге асыру мерзімі жоқ. Елімізде бұған дейін жүргізілген автокөліктерді, капиталды заңдастырумен салыстырғанда заңның («Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» - автор) кезеңі бойынша қандай да бір шектеу жоқ. Сондықтан да, қандай да бір шешім қабылданғанда, ол ақылға қонымды болуы тиіс. Мемлекет тарапынан ешқандай шектеу болмайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің атап өтуінше, тиісті ақпараттық жүйе әзірленген. Сол арқылы өтінімдердің басым бөлігін қабылдау жоспарланып отыр. Бұл үшін мемлекеттік органдар мен банктер 40 ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асырды. Жүйе сынақтан өткен әрі өтінімдерді қабылдауға дайын.