Елордалық жеке кәсіпкерлер де жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтерлер салуға ниет танытып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, үш ірі қалада жұмыс істейтін жастарға 1 мың пәтерден беру тапсырмасы бар. Соның 1 050-інің кілтін табыстадық. Байқау жариялағанмызда 6 500 адам құжатын тапсырды. Яғни, сұраныс 6 есе көп. Сондықтан келесі жылы мұны жалғастыратын боламыз», - деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, елордалық жеке кәсіпкерлер де қала әкімдігі жер беретін болса жастарға жалдамалы пәтерлерді өз қаражатына салуға құлшыныс танытуда.
«Қазір кәсіпкерлер де келіп жатыр. Олар 1 мың орынға 6 500 адамның өтініш бергендігін, әкімдік жерге көмектессе өз инвестицияларының есебінен үй салып бере алатындықтарын айтып отыр. Бұл бізді қуантады, қолдаймыз. Бірақ, бюджеттен де тоқтатпаймыз. Яғни, жыл сайын осынша пәтер салу жоспарда бар. Бірақ, түсіну керек, ол бір жылда шешілмейді. Бізде 29 жасқа дейінгі жастар саны ресми түрде 245 мың адамды құрайды. Бірақ олардың бәрін пәтерсіз деп айтуға болмайды. Дегенмен, бұл мәселе бақылауда. Әсіресе, жастарға мүмкіншілік ашу керек», - деді елорда әкімі.