Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық қауіпсіздікке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың климатқа қатысты күн тәртібі оған мүше мемлекеттердің экологиялық қауіпсіздік пен көміртегіне бейтарап даму бағытына көшудің жаһандық мақсаттарына бейілді екенін көрсетеді деп санайды.
Бүгінде Қазақстан парниктік газдардың қалдығын азайтуға арналған ұзақмерзімді стратегияны әзірлеу саласындағы Париж келісімінің міндеттемелерін орындау үшін белсенді жұмыс жүргізе бастады.
«2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізу Доктринасының жобасы әзірленді», - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл бағыт бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер экономикасының ерекшелігі мен құрылымын ескере отырып, күн тәртібіндегі «жасыл» экономика мақсаттарына қол жеткізу үшін үкіметтер арасындағы тәжірибе алмасу мен ықпалдастықты жолға қоюды ұсынды.