06 мау, 2019 сағат 18:21

Жайықта балықтың қырылуына «Атырау су арнасы» кінәлі - ІІМ

«Атырау су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрамында хлоры көп суды Жайық өзеніне ағызуы балықтың қырылуына себеп болған. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жылдың 28 мамырында ҚР Ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу шараларын аяқтап,  процеске қатысушыларды қылмыстық істің материалдарымен таныстыруды бастаған. Тергеу шаралары барысында «Атырау су арнасы» КМК құрамында хлоры көп суды Жайық өзеніне ағызуы балықтардың қырылуына себеп болғаны анықталған.

«Қазіргі уақытта директор, оның орынбасары және «Атырау су арнасы» МКК су тазарту стансасының бастығы ҚР ҚК 328-бабы, 3-бөлімі (судың үстіңгі қабатын ластау, соның салдарынан қоршаған ортаға аса ірі мөлшерде зиян тигізу) және ҚК 204-бабы, 2-бөлімі (бөтеннің мүлкін жою, аса ірі мөлшерде зиян келтіру) бойынша күдікті деп танылды. Сондай-ақ кәсіпорын басшысына қатысты қосымша ҚК 371-бабы (ұқыпсыздық) бойынша қылмыстық іс тіркелді», - деп атап өтті министрліктен.  

Бұған дейін Жайықтағы балықтардың жаппай қырылу фактісі бойынша Атырау облыстық полиция департаменті 2 қылмыстық істі тіркеп, олар ҚР ІІМ тергеу департаментіне берілгенін хабарлаған едік.