31 нау, 2022 сағат 15:42

Жауапкершілікті өз мойныма алдым - Мусин Ashyq төңірегіндегі сынға пікір білдірді


Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Ashyq қосымшасын әзірлеуде бюджет қаражаты тиімсіз кетті деген сынға жауап беріп, барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Пандемия кезінде Мемлекет басшысы басқаша әрекет етуді тапсырды. Бізде бірнеше жоба болды, солардың бірі - Ashyq. Біз осыны істеуіміз керек, біз жасаймыз, бұл бизнеске көмектеседі деп мен барлығын өз жауапкершілігіме алдым. Жобаны қолдауға 20-30 миллионнан, 100 миллион теңгеге дейін бөлінді. Осы арқылы біз кәсіпкерлердің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бердік, механизм ойлап таптық және бұл жағдай бәрін құтқарды.

Біраз адам маған бұл бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылғанын ескертеді. Иә, әрине, бұл бюджеттік процедуралар. Біразы жүйені коммерциялық пайдалануға бермейінше ақша бөлмеу керектігін айтады. Ал іске қосу үшін ақпараттық қауіпсіздік сертификаты қажет. Ал ақпараттық қауіпсіздік сертификатын алу үшін сізге бюджеттік қаражат қажет және өтініш беру керек және т.б. Ол шексіз созыла береді", - деді Мусин Есеп комитетіндегі сұрақтарға жауап беріп.

Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова министрге жоба өте пайдалы болып шыққандықтан, оған ешқандай шағым айтылмайтынын айтты.

"Төтенше жағдай, карантин, пандемия кезеңіне қатысты барлық нәрсені Денсаулық сақтау министрлігі, ІІМ, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрліктері тексерді. Осы кезеңде жасалғанның бәрі ерекше жоба және біз оны тиімсіз жұмсалған қаражат деп санамаймыз. Себебі Ashyq қосымшасын осы залда отырғандардың бәрі бірнеше рет қолданғанына сенімдімін. Біз кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне, тұрғындардың ары-бері шығуына мүмкіндік бердік", - деді ол.