Алматы облысы Жансүгіров кентіндегі Е. Сиқымов атындағы мектеп-интернатты жаңғыртуға бөлінген 867 млн. теңге қаржының арқасында мұнда сейсмикалық күшейту жұмыстары атқарылуымен қатар, 81 орынды жатақхана ашылып, қазір малшылардың балалары мен 17 шағын елді мекеннен келген 390 оқушы алаңсыз білім алуда. Жатақханада кітапхана жасақталған, түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Мектеп өз жылыжайына көкөніс өсіреді. Биыл моншасы салынып біткен. 1992 жылы салынған мектеп осылайша 2015 жылдан бері жаңа келбетке ие болып отыр. Ақсу ауданы əкімінің есепті жиынына барған облыс əкімі Амандық Баталов аталмыш білім мекемесіне арнайы барды.
Мектеп-интернат директоры Рахат Ибрайымованың айтуынша, мектептің 70 шаршы метрлік жылыжайы бар. Оған қияр мен қызанақ себіліп, оның өнімінен түскен 370 мың теңге мектеп мұражайын құруға жұмсалған. Музей мектеп тарихы мен осы мектептен түлеп ұшқан танымал тұлғаларға арналған. Мысалы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, дзюдошы Асхат Житкеевтің осы жерде білім алғанын мектеп ұжымы мақтан етіп, оның жетістікке жету жолдары жайлы музейде материалдар жинақтаған. Музейде өлкетану бағытындағы сабақтар өткізіледі.
Облыс əкімі А. Баталовқа мектептегі робототехника үйірмесінің оқушылары өздері құрастырған түрлі роботтарды таныстырып, олардың мүмкіндіктері жайлы баяндады. Осы мектепке робототехника сыныбы демеушілер есебінен ауданда алғашқы болып ашылған. Қазір “Nur Otan” партиясының қамқорлығымен сынып саны 4-ке жетіп, оған қатысатын бала саны 70-ке таяған.
Мұғалімдермен тілдескен А. Баталов жалақыларының жайын, үй алу жағдайын, мамандар қажеттілігі жайлы сұрап білді. Белгілі болғандай, осы мектептің 8 жас маманы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша үй алса, 4 маманға көтерме жәрдемақы берілген. Мектепте қызмет жасайтын екі көп балалы ана да баспаналы болу бақытына ие болыпты.
Мұнан соң облыс əкімі балалар жатақханасын аралап, жағдайларымен танысты. Балалар эстетикалық жəне спорттық бағыттағы 11 үйірме мен секцияларға қатысады. Соның ішінде қобыз, виолончель, домбыра, баян, шертер сияқты аспаптарды меңгеруді Исатай Исабаев атындағы өнер мектебінің, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның мамандары үйретіп жүр. Ал спорттың еркін күрес, дзюдо түрлерінен балалар облыстық жарыстарда топ жарып жүр.
Осы мектептің жылыжайы мен жуырда салынып біткен моншасын да көрді.
- Жылдар бойы бұл нысан апатты мектеп деп саналып, оны жаңғыртуға қомақты қаржы бөлу тиімсіз деп есептелген екен. 2015 жылы өзім келіп көріп, сейсмокүшейту жұмыстары мен жаңғырту жұмыстарына қаржы қарастыруды тапсырғанмын. Балаларға жайлы жатақхана жасалып, барлық қажеттіліктермен қамтылған. Бұдан былай да оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдайларды жасаймыз. Жас мамандар үшін Ақсу ауданында мемлекеттік бағдарламалармен тұрғын үйлер саламыз. Оның ішінде мұғалімдер де баспанамен қамтылатын болады, - деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі