Көрнекі фото: NUR.KZ
Кәсібін ашқысы келетін жастарға 2,5 пайыздық шағын несие наурыз айынан бастап берілуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязовтың айтуынша, шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі адамдарға беріледі. Микрокредит алу үшін азамат міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы керек. Бұл ретте тіркеу мерзімі 5 жылдан аспауы шарт.
"Биыл елімізде 5796 шағын несие беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 29 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылған. Несие Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Қазір жергілікті бюджетке қаражат аудару үшін келісімшарттарға қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс аяқталған соң, Аграрлық несие корпорациясы мен жергілікті әкімдіктер өзара келісімшарт бекітеді. Кейін наурыз айында біз осы жұмысты бастаймыз деп жоспарлап отырмыз", - деді Ниязов БАҚ өкілдерімен кездесуде.
Микрокредит 5 жылға беріледі, егер бизнес ауыл шаруашылығымен, мысалы мал өсірумен байланысты болса, 7 жылға дейін беріледі.
Жастар 5 млн теңгеге дейін шағын несие ала алады. Пайыздық мөлшерлемесі – 2,5 процент. Кепілдік қою міндетті саналады.
"Кепілдік қою біздің талабымыз емес. Несие 2,5 процент болса да, ол қайтарылуға тиіс қаражат, грант емес. Қайтарымы болған соң, оны кепілсіз бере алмаймыз. Заңнама талабына сәйкес, бюджеттік несиелеу кепілдіксіз жүрмейді", - деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.
Ол ауылдағы үй немесе арнайы техника да кепіл ретінде қабылдана беретінін атап өтті. Кепіл ретінде отбасы мүшелерінің, туыстарының мүлкін де көрсетуге болады. Мүлікті бағалау жұмыстарын Аграрлық несие корпорациясы жүргізеді.
Сондай-ақ шағын несие қала жастарына да, ауыл жастарына да беріледі. Бизнес түрі бойынша да еш шектеу қойылмайды.
"Бізде қала, ауыл деген шектеу жоқ. Экономикалық қызмет, яғни кәсіп түрлері бойынша да шектеу қойылмайды. Міндетіміз – жастарды барынша қолдау. Жұмыстарды аяқтап қалдық. Наурыз айында шағын кредиттерді жүзеге асыруды бастаймыз деп ойлаймын", - деді Ордабаев.