18 қар, 2018 сағат 11:38

Жасөспірімдер мәселесі - басты назарда

Қала әкімшілігінің мәжіліс залында шаһар әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков төрағалық еткен жиналыс өтті. Онда негізгі қаралған мәселе - діни тұрақтылық және кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер арасында құқық бұзушылықтардың орын алуы. Кездесуге прокуратура, полиция және арнаулы оқу орындарының қызметкерлері мен теологтар қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жыл басынан бері діни экстремизмнің алдын алу мақсатында 194 кездесу өткізілген. Жергілікті БАҚ-та дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру мақсатында 302 мақала жарияланды. Онда деструктивті ағымдардың іс-әрекетінен сақтандыру, зайырлылық ұғымы, хиджаб мәселесі кеңінен айтылған. Мұндағы атқарылып жатқан істердің жай-жапсарын ішкі саясат бөлімінің бас маманы М.Қалеке айтып өтті.

Сонымен бірге, жастар ресурстық орталығының әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторының меңгерушісі Г.Байтілеуованың баяндауынша, тұрмыстағы зорлық-зомбылық және соның нәтижесінде жапа шеккен жандарға әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету бойынша да бірқатар істер қаралған.

Жиынның келесі мәселесі кәмелетке толмағандардың тәртібі мен қоғамдағы рөлі тақырыбында жалғасын тапты. Бүгінде, жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруіне қатысты 391 дерек тіркеліп, ата-аналарына ескерту жасалған. Қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы Қ.Рахман жасаған мәлімдемесі бойынша, өкінішке орай, 2017 жыл мен қазіргі уақытты салыстырғанда балалар арасындағы қылмыстар саны өскен.

Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Айдарбеков қазіргі таңда жасөспірімдер арасында баскетболдан турнир өтіп жатқанын және жастарды аталған іс-шараларға тарту мен жаттықтыруға ерекше күш салынғандығын айтты. Тәрбие жұмыстары бойынша да көптеген кездесулер өткізілген.

Жалпы, өршіп тұрған бұзақылықтардың қоғам арасындағы санын азайтып, тосқауыл қоюға әлі де үлкен істер атқарылмақ. Ел болашағынан үміт күттірер жас жеткіншектердің қазіргі жай-күйі әрбір жанды алаңдатпай қоймас. Осы негізде, мұндай кездесулердің алдағы уақытта айына екі рет өткізілуі жоспарлануда.