29 нау, 2022 сағат 18:45

Жасөспірім әкесінің кешігуіне байланысты пойыздың тоқтату кранын жұлып алған


Атбасарда жасөспірім әкесінің кешігуіне байланысты пойыздың тоқтату кранын жұлып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Атбасар станциясында «Нұр-Сұлтан-Арқалық» жолаушылар пойызын жөнелту кезінде болды.

«13 жасар баланың әкесі пойыз тоқтап тұрған кезде шығып, қайта оралуға үлгермей қалған. Қорыққан жасөспірім теміржол көлігін тоқтату үшін кранды жұлып алған», деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қалижан Қобландин.

Оның сөзіне қарағанда, баланың әкесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 560-бабына (теміржол көлігі құралдарын пайдалану ережесін бұзу) сәйкес 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

«Жыл басынан бері департаментте пойызды шұғыл тежеудің 367 дерегі тіркелген болса, соның 12-сі тоқтату кранын жұлып алуға байланысты», деді Қобландин.