Бүгінгі таңда жасанды интеллектінің дамығаны соншалық, бізге ауа райының нақты болжамдарын жасауға көмектесетін деңгейге жетті.
Жер бетіндегі кейбір географиялық аудандарда ауа райы тұрақты сақталса, кейбір аймақтарда күн райы күрт өзгереді. Сондықтан қолданыстағы ауа райын болжайтын құралдар өте баяу және беретін нәтижесі тиімсіз.
Соңғы уақытта жасалған зерттеулерде ғалымдар жасанды интеллекті моделі көмегімен ауа температурасы күрт өзгеріп тұратын Америка Құрама Штаттарының континенталды бөлігінде болжам жасап, жаңа әдісті сынақтан өткізген екен. Нәтижесінде, ауа температурасы күрт өзгеріп кететін аймақтардағы ауа райы болжамын автоматтандырылған ресурстармен жасау өз тиімділігін дәлелдеген.
Қысқа уақыттық ауа райы болжамдарын жасау
Пенсильвания мемлекеттік университетінің профессоры, CyberScience институтының директоры, география, метеорология, атмосфералық ғылымдардың профессоры Гидо Кервонның айтуынша, енді қысқа уақытты болжамдарды аталмыш модельдің көмегімен іске асыруға болады. Шындығында, қысқа уақыттық ауа райы болжамдарын жасау метеорологиядағы ең түйіткілді мәселе саналады.
«Біздің ұсынған әдіспен ауа райын болжау қиынға түсетін аймақтарда автоматтандырылған ресурстарды қолданып, ең жақын күндерде күтілетін ауа температурасын дөп басып айта аламыз», - дейді профессор Кервон.
«Ауа райын цифрлық әдіспен болжау орасан зор жетістік пен үлкен маңызға ие болды. Бұл жаңалықты біздің қоғамға енгізу ұзақ уақыт алады. Осы күнде қолданылып жүрген Америка Құрама Штаттардың климаттық картасы диаметрі 11 шақырымдық 200,000 ұсақ тор көзден тұрады. Ауа райын болжаушы мамандар осы аймақтардағы климаттық белгілерді автоматтық есептегіш құралдардың көмегімен сараптамадан өткізген кезде, автоматты есептеу аталмыш тор көздерді теңдей қамтиды. Бұл қалыпты жағдай саналғанмен, картаға қарап болжам жасау мен автоматтандырылған есептегіш компьютермен болжаудың арасы жер мен көктей. Топография, теңіз деңгейі, судың жақын орналасқан аудандары сияқты бірқатар факторлар ауа райы болжамдарын жасауға кедергі келтіреді», - дейді география ғылымдарының докторанты Веймиң Ху.
«Мәселен, Айова штатының климаты туралы айтар болсақ, оған жақын мың шақырым радиуста ауа райында үлкен өзгерістер сирек болады. Себебі, Айованың топографиясы басқа аудандармен салыстырғанда өте қарапайым және әдеткі интерполяциямен алдағы күндердегі ауа температурасына болжам жасауға болады»
«Бірақ Роки тауларында тау да, су да, ну да кездеседі. Ауа райы режимі таудан бірнеше шақырым алыстаған кезде күрт өзгеріп кетеді. Сондай кезде жасанды интеллектімен жабдықталған «ақылды» модел осындай күрделі аймақтағы ауа райы өзгерістерін жаңылыспай тіркеп отырады. Біз өзіміз үшін маңызды саналатын және керекті аймақтардағы ауа райын аса дәлдікпен болжағымыз келеді», - дейді Веймиң Ху мырза.
Генетикалық алгоритмдерді қолдану
Автоматты есептегіш құралдардың фокусы ауа райы күрт өзгеретін, күрделі аймақтарда болу үшін ғалымдар генетикалық алгоритмдердің көмегімен ыңғайлы тор көздер құрастырды. Сондай-ақ, осы алгоримдермен жасалған тор көздерді ауа райы тұрақты сақталатын аудандарға да қолдануға болады.
Веймиң Худың айтуынша, генетикалық алгоритм бағдарламасы – биологиялық эволюцияға ұқсайтын машинамен оқыту моделі. Биологиялық эволюцияда белгілі ортада мыңдаған түрдің ішінде бірнешеуі ғана тірі қалып, ары қарай ұрпағын көбейтуге мүмкіндік алады. Сол сияқты генетикалық бағдарламада нысанаға алынған аймақтағы болуы мүмкін мың түрлі болжам тесттен өтіп, тек бірнеше болжам іріктеліп алынады.
Ху мырзаның айтуы бойынша, генетикалық алгоритмдер ең дұрыс болжам беруге емес, қисынды жауаптар беруге бағдарланған. Мысалы ауа температурасын болжау кезінде нақты жауап іздеу ақылға сыйымсыз, сондықтан температура көрсеткіші 29.56 мен 29.55 градус аралығында ауытқып тұрса, ештеңе етпейді.
Қазір ғалымдардың зерттеу нысаны негізінен температура өзгерісіне бағытталса, болашақта олар аталмыш моделді ауа ылғалы немесе бұлттың қалыңдығы сияқты ауа райының өзге де шарттарын зерттеуге қолданатын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org