М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2019 жылдың 6-шы желтоқсанында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті, жас жазушы Томирис Саматованың «Я пишу для сердца и души» тақырыбында шығармашылық кешін және оның бес кітабының тұсаукесерін өткізді.
Кешке Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенттері, қаланың №3, №6, №17 мектептерінің оқушылары қатысты. Жүргізуші кеш иесінің өмірбаянымен таныстырып, авторға сөз берді, Томирис өзінің шығармашылығы жайында әңгімелеп берді.
Жап-жас Томиристің таланты өз құрбы-құрдастарына, жастарға үлгі боларлықтай. Оны кезінде білім бөлімінің бұрынғы басшысы, қазіргі қала әкімінің орынбасары Бейбіт Әйтімұлы жоғары баға беріп, қолдаған болатын. Томирис ақын жазушылардың қатарын толтырумен бірге, жаңа леп алып келді. Ол фэнтэзи жанрына қалам тартуды жөн көрген. 12 жасынан өлең жазып талантын танытқан ол қазіргі кезде ертек әлеміне саяхат жасауды жоспарлап жүргенін де сөз етті. Томиристің қолдаушысы - оның әкесі Самат Яменұлы оның талапты да жауапты еңбегі туралы әдемі әңгімелеп берді.
№6 мектеп қабырғасынан түлеген Томиристің сынып жетекшісі Байбазарова Балыш Әйтенқызы да кешке қытысып, игі тілегін білдірді. Қаланың түрлі оқу орындарынан қатысқан оқушылар мен студенттер кітаптармен алдын ала танысып, өздерінің пікірлерін білдірді.
М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК директорының орынбасары Галина Савенкова Томирис Саматованың бүгінгі шығармашылық кешімен құттықтап, автормен бірге кітаптардың тұсауын кесті.
Өз кезегінде Томирис оқырмандарына өз өлеңін оқып берді. Студенттер мен оқушылар "Қазақ тілінде кітап жазу ойыңда бар ма?", "Қандай авторларды оқисың" деген сияқты сұрақтарына тұщымды жауап алды. Келген қонақтарға автор өз қолтаңбасымен кітаптарын сыйлады. Кеш өте тартымды, жанды, әсерлі өтті.