14 ақп, 2020 сағат 17:57

«Жас өрт сөндірушілер» облыс әкімімен кездесті

Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі № 7 орта мектебінде  «Smartsarbaz» - «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбы бар. Онда жас балғындар құтқарушылық қызметке, өрттен құтқару дағдыларына жаттығады. Бүгін аталған жас сарбаздар облыс әкімі Амандық Баталовпен кездесуге келді.

«Жас өрт сөндіруші» сыныбын Іле аудандық білім бөлімі мен төтенше жағдайлар бөлімінің бірлескен жобасы деп атауға да болады. Қос тараптың ортақ шешімімен 2019-2020 оқу жылында ашылған арнайы сыныпта қазір 27 оқушы білім алуда. Бұл - республикада ең бірінші болып Алматы облысында қолға алынған игі бастама.

Кездесу сапта тұрған жас сарбаздар капитанының облыс әкімі А.Баталовқа рапорт беруімен басталды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерлан Нұрпейісов облыс басшысына балалар мен олардың ұстаздарын таныстырып өтті. Ал кадет сыныбын оқыту мен тәрбиелеу жұмыстары жөнінде № 7 орта мектептің директоры Захида Тореходжаева қысқаша баяндап берді. Оның айтуынша, балалар түстен кейінгі уақытта әскери-спорттық ойындарға, қару ұстау, қаруды шашып-жинау шеберлігіне машықтанып, құтқару әдіс-тәсілдерін үйренеді. Мектеп басшысы кадет сыныбының балаларды елжандылыққа, патриоттық рухта тәрбиелеудегі ықпалы зор екенін айтты.

Амандық Баталов балалармен тілдесіп, Талдықорған жайлы, алдағы мақсаттары туралы пікірлерін сұрады.

Аз-кем әңгімеден соң облыс әкімі:

- Республикада бірінші болып қолға алынған бұл жобаны басқа да мектептерге үлгі етіп, тәжірибесін таратуға болады. Биылғы жылды Президентіміз Еріктілер жылы деп белгіледі. Көмектесу, қол ұшын созу қоғамқа кез келген уақытта қажет. Сондықтан құтқарушы мамандығы ең аяулы, ең керекті мамандық. Осындай сыныпта оқу болашақта мамандық таңдауларыңа да өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Осы кезден үйренген қатаң тәртіптің арқасында ойлаған арман-мақсаттарыңа жетесіңдер. Тәртіп болған жерде нәтиже де болады. Ата-аналарыңды, үлкендерді сыйлаңдар, кішіге қамқорлық жасаңдар, өзгелерге үлгі болыңдар. Сендердің көздеріңдегі ұшқынды көріп қуанып тұрмын. Сендердің жан-жақты, білімді де тәрбиелі азамат болып өсулеріңе біз барлық жағдайды жасаймыз, - деп А.Баталов сыныпқа Смарт-LED телевизор сыйға тартты.

Жалпы Өтеген батыр кентіндегі № 7 мектепте 2016-2017 оқу жылында дәл осындай жоба ішкі істер бөлімімен бірлесіп қолға алынып, «жас полиция» кадет сыныбы ашылған болатын. Қазір ол сыныптағы балалардың алды 7 сыныпта, жаңадан қабылданғандары 5 сыныпта оқып жүр. Дәл сол сияқты «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбына да әр жылы 5 сынып оқушыларының арасынан іріктеліп, қабылданып отырады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, сыныпты «смарт» атауын қосу  балалардың робототехниканы қатар меңгеруімен байланысты. Жас сарбаздарды жан-жақты етіп тәрбилеуге назар аударылып, олардың шығармашылық, әскери және техникалық бағаттағы машықтарын дамытуға көңіл бөлінген. Мектеп бітіргенде бұл жас өркендерге өрт сөндірудің арнайы курсын аяқтағаны туралы сертификат беріледі. Мұндай Азаматтық қорғаныс саласына бейімдейтін кадет сыныбын ашудағы мақсат - болашақ құтқарушыларды мектеп қабырғасынан даярлау, балалардың жастайынан тәртіпке үйренуіне ықпал ету. 

Кездесу соңында облыс әкімі жас құтқарушылармен бірге естелік суретке түсті.

Мұнан соң балалар Оқушылар сарайы, қалалық төтенше жағдайлар басқармасындағы музей, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратын және басқа да қаланың көрнекті орындарын аралады.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі