Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған жандардың аты-жөнін жариялауға қатысты еліміздің Бас прокуратурасы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтар оқиғасында марқұм болғандардың әрқайсысы қай жерде, қалай мерт болды - соның бәрін анықтау үшін сот-медициналық тексеру жүріп жатыр. Әр өлім жағдайының қалай болғанына қатысты нақты дәлел керек. Мерт болғандардың арасында кездейсоқ оққа ұшқандар да болды. Олардың саны - 20 адам. Нақты айтқанда, оның 11-і - Алматы қаласында, 8-і - Алматы облысында және біреуі - Тараз қаласында», - деді ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Ashyq alań» қоғамдық-саяси ток-шоуының эфирінде.
Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздік кезіндегі кісі өліміне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
«Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған жандардың аты-жөнін неге жарияламайсыздар?» деген сауал қойылып жатыр. Аты-жөнін айтпаудың бірінші себебі - әр кісі өлімі бойынша қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр. Іс аяқталған жоқ. Екіншіден, адами-этикалық тұрғыдан түсіністікпен қараған абзал. Себебі мерт болғандардың артында қалған жақындары бар. Ертең қоғамда түрлі сұрақтар туындайды. Айталық, тізім шыққан соң «ол кісі кім? бұзақы ма, әлде кездейсоқ құрбан болды ма?» деп сұрайды ел. Тергеу органы ретінде біздің тарапымыздан кімнің қалай мерт болғаны жайлы нақты ақпарат пен дәлел болуы керек», - дейді ол.