22 сәу, 2021 сағат 07:51

Жапонияның ірі қалаларында қайтадан төтенше жағдай режимі енгізілмек

Жапония билігі ел премьер-министрі Ёсихидэ Суганың бастамасымен Токио, Осака, Киото және Хёго префектураларында жаңа коронавирустың таралуы салдарынан ахуалдың нашарлауына байланысты төтенше жағдай режимін қайтадан енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" жапон қоғамдық телеарнасына сілтеме жасап.

Ресми бұл шешім туралы жұма күні хабарланбақ. Жергілікті билікті келе жатқан мерекелерге байланысты ірі қалалардағы коронавирус оқиғаларының өсу қаупі алаңдатады. 

Жапон билігі 7 қаңтар күні бірқатар өңірлерде төтенше жағдай режимін енгізген еді. Режимнің ең ұзағы Токиода және оған жақын Канагава, Сейтама, Тиба префектураларында 22 наурызға дейін созылды. Алайда ол алынғаннан кейін жұқтыру оқиғаларының өсу үрдісі қайта басталды. Соңғы деректерге сәйкес, Жапонияда жұқтыру оқиғалары 548 мыңнан асқан, 9,7 мың адам қайтыс болды.