Жапондық Diamond Princess лайнерінің бортында болған Қазақстанның 4 азаматы Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді ауруханасының жанындағы инфекцияға қарсы корпусқа орналастырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«23 ақпанда жапондық Diamond Princess лайнерінің бортында болған Қазақстан азаматтары отанына оралып, карантинге жатқызылды. Еске сала кетейік, Жапония жағалауындағы криуз лайнерінде әлемнің 50 елінің 3 700 азаматы оқшауланып қалған болатын», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінен.
Комитеттен хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайға 23 ақпан күні «Токио-Нұр-Сұлтан рейсі» бойынша 20 жолаушы келген. Оның 16-сы – Қазақстан азаматтары. Төртеуі - жапондық Diamond Princess лайнерінің ішінде болған жолаушылар. Сонымен қатар жолаушылардың ішінде Жапония, Ливия, Ұлыбритания, Украина, Оңтүстік Корея мен ҚХР азаматтары бар.
«Келген азаматтардың бәрі де қаладан 7 шақырым жердегі Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді ауруханасының жанындағы инфекцияға қарсы корпусқа жайғасты. Дәл осы ауруханада бұдан бұрын Уханьнан келген студенттер оқшауланған еді. Келген азаматтардан коронавирус инфекциясы бойынша анализ үшін сынама алынды. Бәрінің жағдайы қанағаттанарлық. Олар 14 күндік карантинде болады», - деп хабарлайды комитеттен.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты комитет қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамның жоқтығын хабарлайды. Қосымша ақпарат қажет болған жағдайда тәулік бойы қызмет ететін 1406 байланыс орталығына хабарласуға болады.