07 ақп, 2020 сағат 06:57

Жапониядағы круиз лайнерінде тағы 41 адамнан коронавирус табылды

Жапония денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Иокогама маңында карантинде тұрған криуз кемесінде тағы 41 адамнан коронавирус табылған. Осылайша вирус жұқтырған жолаушылардың саны 61 болды, деп хабарлайды Kyodo.

Ауруға шалдыққандардың жасы - 20 мен 80 аралығында. Олар Токио мен жақын маңдағы Сайтама, Тиба, Канагава, сондай-ақ Жапонияның орталығындағы Сидзуока префектураларындағы медицина мекемелеріне жеткізіледі. Министрліктің мәліметінше, олардың ешқайсысында ауыр симптомдар жоқ.

Коронавирус жұқтырған 41 адамның ішінде 21-і – жапон, сегізі – америкалық, бесеуі – австралиялық, тағы бесеуі – канадалық және Аргентина мен Ұлыбританиядан екі адам бар.

«Diamond Princess» лайнерінің бортында 56 елден 3700-ге жуық жолаушы мен экипаж мүшелері болған. 80 жастағы жолаушыдан вирус табылған соң кеме Канагава префектурасының астанасындағы айлаққа карантинге қойылған еді.