31 нау, 2019 сағат 17:42

Жануарларды қорғау жіті назарда болуы керек


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады» деп баса айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстарды бағдарлы ету мақсатында былтыр Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен  жануарлар дүниесiн, табиғатын сақтау және көбейту туралы декларация қабылданған еді.  

Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді, олардың тамырларын, гүлдерді пайдаланбауды және тыйым салынған жерлерде немесе әуесқойлық мақсатта аң-құс аулауға болмайтындығы жөнінде анық айтылған. Аталған декларация жергілікті атқарушы билік, облыстық сот, прокуратура, полиция департаменті және ұлттық қауіпсіздік органдары мен басқа да мемлекеттік мекемелер тарапынан қолдау тауып, барлығы  1962 қызметкер  қол қойған болатын. Осы орайда ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңының 43-бабы аясында облыстық «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» құрылып,  «Табиғат қорғау кеңесі» іске кіріскен еді. Міне, осындай құрылымдар мен жобалардың арқасында бүгінде өңірдің жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі қырағы қорғалуда.  Оған дәлел, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында табиғат заңнамасын қорғау үшін 7 рейдтік шара ұйымдастырылып, 21 заң бұзушылық фактісі анықталған. Нәтижесінде 21 дерек бойынша 542875,0 теңге айыппұл салынып, оның 37875,0 теңгесі өндірілген. Мемлекетке келтірілген залал 176750,0 теңгені құрап, оның ішінде 75750,0 теңге залалы төленіп, қалған сомасы өндірілуде. Сондай-ақ аң аулау барысында заңсыз пайдаланылған 21 дана  қару  тәркіленіп, аудандық полиция бөлімінің уақытша сақтау қоймасына тапсырылған.

Енді жекелей айтсақ, «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметінің» қырағы қорықшыларының күшімен Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылының тумасы Бекнұр Шығынбай Қосқұдық орман қоры аумағында  заңсыз қоян атқаны үшін ұсталып,  оған 12625,0 теңге көлемінде  айыппұл салынған. Және 1 дана мылтығы тәркіленіп отыр. Ал Байзақ ауданы Көкөзек ауылының тұрғыны Аман Амирханов Байзақ мемлекеттік орман қоры жерінде заңсыз шіл атқаны үшін ұсталып, 12625,0 теңге айыппұл мен 63125,0 теңге келтірілген залалы өндірілген. 1 дана мылтық сақтау қоймасына өткізілген. Сондай-ақ Байзақ ауданы Дихан ауылының тумасы Жамбыл Мирсалимов Байзақ мемлекеттік орман қоры жерінде шіл құсын атқаны үшін құрықталып, айыппұлын өтеген. Осы іспеттес Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғыны Ержан Фазылов Сарысу мемлекеттік орман қоры аумағында заңсыз аңшылық жасағаны үшін ұсталса, осы қорықта мылтығын тастап қашқан белгісіз азаматқа қатысты іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Байзақ ауданы Жақаш ауылының тұрғыны Ербатыр Сакиев аң аулау қағидасын бұзғаны үшін жазаға тартылса, Сарыкемер ауылының тумасы Александр Троеглазов Жамбыл ауданы жерінде жабайы үйрек атқаны үшін айыппұл арқалап отыр. Дәл сондай, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны Николай Шапавалов, Тараз қаласының тұрғындары  Жұмаділла Жүнісов, Нұрлан Ақылбаев пен  Марат Бердалиев  Сарысу ауданының жерінде заңсыз аңшылық жүргізгені үшін қолға түскен. 

Жалпы есепті кезеңде Сарысу ауданының орман қоры жерінде заңсыз аң аулау  фактілері жиілеп кеткен. Оған дәлел, Жайлаукөл ауылының тұрғыны Сабыр Жамбылбековке заңсыз аңшылық жасағаны үшін хаттама толтырылса, Ақтам ауылының маңында сарысулық  Абай Асылов пен мылтығын тастап қашқан белгісіз тұлғаға үш кесім жасалуда. Сондай-ақ мойынқұмдық Жанабек Абдыбек, Панарбек Қалымбетов, Орынбасар Серіков пен Валерий Бадулиннің заңсыз үйрек атқаны үшін үстерінен іс қозғалса, Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының маңында Абай Асылов есімді заң бұзушы қолға түскен.

Осылайша ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 21 дерек  бойынша барлығы 542875,0 теңге көлемінде айыппұл салынып, келтірілген залал – 719625,0 теңгеге теңестіріліп отыр. Оның 113625,0 теңгесі қазынаға құйылса, қалған 606000,0 теңгесі өндірілуде.

Әрине, жан-жануарлар әлемінде браконьерлік  фактілердің көрініс табуы  байырдан бар нәрсе. Алайда, күннен-күнге аң-құстардың саны сиреп, «Қызыл кітаптың» табалдырығында тұрған бүгінгі таңда табиғат байлығын аялап, қорғау-баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы орайда  жамбылдықтар облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен құрылған «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметінің» жұмысына жан-жақты қолдау білдіріп, тәртіпсіздікке жол бермейді деп сенеміз.