Желіде Алматы облысында жол талғамайтын көлікпен жылқыны басып өтпек болған ер адамның әрекеті қызу талқыланып жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Massaget.kz порталына сілтеме жасап.
Видео бір күн бұрын әлеуметтік желілерде жарияланған. Кадрлардан ер адам жерде жатқан жануарды жол талғамайтын көлікпен әдейі басқанын көруге болады. Пікір білдірушілер ер адамның әрекетін айыптап, полицияны осы оқиғаға назар аударуға шақырған.
Полиция күдіктіні ұстаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Междуреченск ауылының 38 жастағы тұрғыны ауылдастарымен жанжал кезінде көлікпен жылқыны басып кеткен. Ер адамның сөзінше, бақшасынан 20-ға жуық жайылып жүрген жылқыны шығаруға тырысқан.
"Бұл дерекке қатысты "Жануарларға қатыгездікпен қарау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық процестің үш буынды моделі аясында прокуратурамен келісе отырып, ұсталған адамға келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.