сурет ашық дереккөзден алынды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлын өлтірді деген күдікке ілінген әскери қызметкерге сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске салайық, Түймебаевтың ұлы 2022 жылы 6 қаңтарда кешке, коменданттық сағат басталмай жатып қаза тапты. Жас жігіт көлікпен үйіне қайтып келе жатқан. Сәтбаев көшесіне жетпей, қиылыста тоқтаған кезде оның көлігіне белгісіз біреу оқ жаудырған.
Алматы гарнизонының әскери сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады (Қару қолдану арқылы билікті және қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану) деп айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
"Сотталушы М. 2022 жылдың 6 қаңтарында, Алматы қаласындағы төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тартылған 18404 әскери бөлімінің құрамында болған. Ол билік өкілі бола тұра, өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, қандай да бір қатер мен қару қолдануға негіз болмағанына қарамастан, "Республика" алаңы маңында, бағдаршамның алдындағы қиылыста тұрған "Lexus 570" маркалы автокөлікке автоматпен бірнеше рет оқ атқан. Соның салдарынан бейбіт азамат, яғни аталған автокөлік жүргізушісі қаза тапқан" - делінген сот хабарламасында.
Ресми мәлімет бойынша, прокурор әскери қызметшіге түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Алайда сотталушы кінәсін мойындамаған.
"Қылмыстық құқық бұзушылық ауыр қылмыстар санатына жатады және ол үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының жас балаларының барын ескеріп, оны қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ал ант берген адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауын ауырлататын мән-жай деп таныды.
Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сотталушыға 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген әскери сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.