Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Өңір басшысының құттықтауын толық мәтінде назарларыңызға ұсынамыз.
Қадірменді түркістандықтар!
Сіздерді Ұлық мерекеміз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік күні – Қазақстанның әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Ғасырлар бойы азаттық аңсаған елдің арманы осыдан 27 жыл бұрын орындалып, Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады.
Қазақстанның ынтымағы жарасқан, еңбекқор әрі бейбітшіліксүйгіш халқы осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Бүгінде әлемнің 150-ден астам мемлекетімен бейбіт дипломатиялық қарым-қатынастар орнаттық.
Тұңғыш Президентіміз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біз заманауи, ашық әрі демократия қағидаларына адал қоғам құра білдік. Бұл қоғамның басты құндылықтары бейбітшілік пен татулық, этносаралық және конфессияаралық келісім, азаттық пен теңдік екені баршаға мәлім.
Биыл алғаш рет Тәуелсіздік күні мерекесін облыстың жаңа орталығы – қасиетті Түркістан қаласында қарсы алып отырмыз. Елбасы Түркістан облысын құрып, оның орталығын осынау тарихи қалаға көшіру жөніндегі шешім қабылдау арқылы тарихи әділеттілік орнатты. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан жаңа ғасырда қайта түлеп, тұтас түркі әлемінің рухани-мәдени астанасы ретінде дамуға қадам басты. Осының барлығы – тәуелсіздігімізді баянды етіп, Мәңгілік елге айналу жолындағы нақты қадамдарымыз.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» деп атап өткен болатын.
Расында, тарихтан алар тәлім мол. Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сеніммен көз тіккен халықпыз. Ұлт тарихына көз жіберсек, ата-бабаларымыздың өз заманының технологиялық жаңалықтарын ашып, соның арқасында әлемге үстемдік еткен кезеңдерін де, еркіндік пен теңдік үшін жан алысқан ұлт-азаттық күресін де көреміз. Ал, Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған сол боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын сәт.
Тәуелсіз ел атану тек биік мәртебе ғана емес, сонымен қатар, орасан зор жауапкершілік жүгін артатындығын да жақсы түсінеміз. Елдің ертеңіне деген сол жауапкершілікті әрбіріміз тереңнен сезіне білгенде ғана ынтымағымыз ырысты, бағымыз баянды болмақ.
Баршаңызды басты ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Түркістан облысының әкімі Ж.ТҮЙМЕБАЕВ