Шетелдік жұмыс күшіне квота қысқарса, елдегі жұмыссыздар саны да азаяды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Президент тарапынан айтылған мәселеге қатысты қоғам белсендісі Жәнібек Қожық осылай пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске сала кетсек, Жәнібек Қожық — өзі де сол Ұлттық кеңес мүшесі. Осыған орай ол шетелдік жұмысшылар және елдегі жұмыссыздық мәселесі бұған дейінгі отырыс аясында көтерілгенін атап өтеді. Жәнібек Қожықтың айтуынша, Ұлттық кеңес жұмысын сынайтындар да, құптайтындар да баршылық. Бұл, әрине, заңдылық, қоғамдағы ой мен пікірдің еркіндігі. Сондықтан да ол барлық пікірлерге түсіністікпен қарайтынын алға тартады.
«Ең бастысы еліме, жеріме, қарапайым ауыл халқына сәл де болса пайдам тисін деген мақсатпен осы кеңеске кірдім. Мен ауылда тұрамын, ауыл халқының ең басты мәселесі - жұмыссыздық. Жастар жұмыс іздеп қалаға көшуде, соған қарағанда қаланың жағдайы, ауылға қарағанда шүкір болар деп ойлаймын», - деп жазады Жәнібек Қожық әлеуметтік желіде.
Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өткен болатын. Онда Жәнібек Қожық та жұмыссыздық мәселесін және оны азайтудың жолдары туралы мәселе көтерген екен.
«Ең бастысы, шетелден келетін жұмысшыларға берілетін квотаның санын қысқарту, заңсыз келгендерін елден шығару, олардың орнына жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа қабылдауды сұраған болатынмын. Ұлттық кеңестің 20 желтоқсандағы өткен екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза шетелден келетін жұмысшыларға берілетін квотаның санын қысқартып, оларға қойылатын талаптарды күшейтіп, бұл жағдайды қатаң бақылауға алатынын айтты», - деді ол.
Жәнібек Қожықтың ойынша, сол қысқарған шетелдік жұмысшылардың орнына жұмыссыз жүрген мыңдаған жастар жұмысқа кіретін болады.
«Бұл теңізге тамған тамшыдай болса да елге тиген пайда ғой. Сондықтан да Ұлттық кеңеске кіргенім үшін, әзірге, өкінбеймін. Мүмкіндігің болып тұрғанда Ұлттық кеңесті елдің мүддесіне неге пайдаланбасқа, неге елдің аманатын билікке тура айтпасқа?! Әлде де талай айтар ұсыныстарым, маңызды мәселелерім бар»,-деп жазды қоғам белсендісі.