18 мам, 2021 сағат 15:38

Жанель Кушукова: ЕАЭО елдеріне тауар экспортайтын шағын кәсіпкерлер көп


Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тауар экспорттайтын қазақстандық жеткізушілердің басым бөлігі – шағын және орта бизнес өкілдері. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕАЭО нарықтарынағы негізгі қазақстандық жеткізушілер – шағын және орта бизнес кәсіпорындары. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы 2050 жылға қарай ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесін 50%-ға дейін жеткізуді стратегиялық мақсат етіп қойған еді. Бүгінде ШОБ-ты дамыту – Үкіметтің негізгі тапсырмаларының бірі. Біз де Еуразиялық одақ жұмысы аясында уағдаласқан шараларға осы міндеттерді қосамыз», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, өткен жылы ЕАЭО-ның таяу жылдарға арналған даму стратегиясын талқылау кезінде бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындар құруға және мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік субъектілері арасындағы байланыстарды нығайтуға, ЕАЭО нарығындағы кедергілерді жойып, өзара сауда көлемін ұлғайтуға мән берілген. 

«ЕАЭО іске қосылған 2015 жылдан бері одақ елдерінің қатысымен ашылған бірлескен кәсіпорындар саны 6272-ден 13 503-ке дейін екі есе өсті. Біз өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуді – ЕАЭО-ны 2025 жылға дейін дамытудың орталық элементі деп санаймыз. 21 мамырда өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте біздің президенттер өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырады. Еуразиялық экономикалық одақтың барлық қатысушылары өнеркәсіптік ынтымақтастықты тауарлардың экспорттық желісін сапалы жақсарту құралдарының бірі ретінде бағалайды», - дейді Ж. Кушукова.