19 нау, 2022 сағат 18:38

Жаңбырдан баспанасы қираған шымкенттік жалғызбасты анаға уақытша үй берілді


Жаңбыр кезінде баспанасы қираған Шымкенттің көпбалалы тұрғыны Гаухар Абдрахимованың отбасына уақытша баспана берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әкімдік мәліметінше, зардап шеккен әйел мен оның сегіз баласы және екі немересіне уақытша баспана берілді. Оны демеушілер есебінен жалға алған.

Сонымен қатар, Абай ауданының әкімдігі мен қалалық мәслихаттың "Ауыл" фракциясының депутаты Қуаныш Дәулеталиев көмір, азық-түлік, балаларға киім әкелді. 

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, көпбалалы отбасыға материалдық көмек алдағы уақытта да көрсетіледі. Оған қоса, әйел тұрғын үй алуға кезекке қойылады.

Еске салайық, 18 наурызда Шымкент қаласы Абай ауданының "Ақжар" шағынауданында ұзақ уақыт жауған жаңбырдан көпбалалы ана Гаухар Әбдірахымованың жалға алып отырған баспанасы қирап қалған еді.