16 қаз, 2019 сағат 14:23

Жанболат Мамай партия құратынын мәлімдеді

Бүгін Алматыла белгілі қоғам қайраткері, журналист Жанболат Мамай жақтастарымен бірге баспасөз жиынын өткізді. Жиынды әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетіп, жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Ұлт ақпарат.

«Дәл қазір бізде тіркелген партиялар болғаныменен шынайы өзгерісті қалайтын партия жоқ. Бір ғана партия бар, ол – «Нұр-Отан». Қалғандары соның клондары. Алда келе жатқан сайлауға қатысып, күш болатын партия жоқ. Біз алда қиындық болатынын білеміз. Оған дайынбыз. Өз сөзімізде тұратындығымызға сөз беремін. Әріптестерімізбен келісіп, саяси партия құруды көздеп отырмыз. Партия құру жәй әділет министрлігіне тіркелу емес. Ол мүдделес азаматтардың бас қосып, қоғамды өзгертіп, билікке келу. Біз осыған дайынбыз. Бүгінгі биліктің саясатына көңілі толмайтын, елде өзгеріс болғанын қалайтын азаматтардың бәрі бізге қосыла алады. Бізге елбасы туралы, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы туралы заңның керегі не? Олардың бәрін өзгертуіміз керек. Керек заңдарға қолданыста жүруі шарт» деді Жанболат Мамай.

Сондай-ақ, тәуелсіз журналист қоғамға өзгеріс керек екенін, бейбіт шеруге шығып, қамалған саяси тұтқындар босатылуы керек екенін атап өтті.

 «Кез келген алаңға шыққан адамды қамап, әкімшілік жауапқа тартып жатыр. Бұл дұрыс емес. Бейбіт шеру туралы заң өзгеруі тиіс. Содан кейін конституция туралы заң да өзгеруі керек. Қазіргі заңмен ештеңе өзгермейді. Елде болып жатқан жағдай бәрімізді алаңдатып отыр. Біз парламенттік мемлекет болуымыз керек» деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Жанболат Мамайдың өзі де 2017 жылы қамалып, мүлкі тәркіленіп, бір жыл бойы журналистикамен айналысуына тыйым салынған болатын.