05 қаң, 2023 сағат 11:54

Жаңатастағы тұрғын үйлерге жылу беріле бастады

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сарысу ауданында төтенше жағдай салдарын жою бойынша жұмыстар қызу атқарылып жатыр, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауданға жұмыс сапарымен барып, жауаптыларға ең алдымен Жаңатас қаласына электр энергиясын және жылу беру мәселесін жедел шешуді тапсырған болатын. Соған сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін қалаға электр энергиясы берілген десек, енді жылумен қамту шаралары жүзеге аса бастаған.

Қазіргі таңда «ЖаңатаСуЖылу» МКК жылумен жабдықтау жүйелеріне су толтыру, жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Осыған орай қалаға жылу беру кезең-кезеңімен іске асып, бір тәулікте толығымен жылуға қосылады деп жоспарлануда.

Еске сала кетейік, бұған дейін орын алған қатты дауыл салдарынан Жаңатас қаласындағы электр бағаналары құлап, электр желілерін тиісті кернеуді таратуда кедергі туындаған. Соған байланысты «ЖаңатаСуЖылу» МКК жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызу туралы шешім қабылданған болатын.