Сурет: pxhere
Жамбыл облысының Жаңатас қаласында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Қала жарық пен жылусыз қалды.
Жаңатас қаласы мен Сарысу ауданында екпіні 30 м/с болатын қатты жел соққан.
«"ЖаңатасСуЖылу" МКК жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының жұмысы үшін жеткіліксіз болып тұр. Дауыл салдарынан Жаңатас қаласындағы шамамен 20 электр бағанасы құлады. Желдің жоғары жылдамдығы оларды қалыпқа келтіруге мүмкіндік бермей тұр. Бағаналардың құлауына байланысты "ЖЭС" АҚ электр желілері тиісті кернеуді тарата алмай жатыр», - деп хабарлады Жамбыл облысының әкімдігі.
"Шахан" қосалқы станциясында тиісті қондырғының салқындауы орын алған. Жаңатас қаласындағы жылу жүйесіндегі суды ағызу туралы шешім қабылданған.
Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен үш мектепте жылыту пункттері дайындалып, тұрғындар ыстық тамақпен қамтылып жатыр.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жұмыс тобына жергілікті билік, төтенше жағдай қызметі, энергетика және өзге де сала мамандары енді.