Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздерін орнатуға 1 трлн теңге инвестиция тартады. Бұл туралы ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экологияны жақсарту құралдарының бірі – жаңартылатын энергия көздері. Қазір республикада белгіленген қуаты 1975 МВт болатын 126 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі жұмыс істейді.
2021 жылы жаңартылатын энергия көздерінің объектілері шамамен 4 млрд кВт/сағ энергия өндіреді деп болжануда. Бұл жалпы электр энергиясын өндіру көлемінің 3,5%-ы деген сөз. Төрт жыл ішінде 62 жаңартылатын энергия көзін орнату жобасын және қуаты 1 ГВт болатын ірі ауқымды жаңартылатын энергия көздері жобаларын пайдалануға беру жоспарлануда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Оның айтуынша, аталған жобаларды іске асыру үшін 1 трлн теңге инвестиция тартылмақ.
«Қосымша 6 млрд кВт/сағ жасыл энергия өндіру де жоспарланған. 2025 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% құрап, ал 2030 жылға қарай 15% -дан кем болмайды», - деді министр.