18 қар, 2021 сағат 13:15

Жанар-жағармай бағасы реттелмейді - Мырзағалиев



ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде орын алған дизель тапшылығының басты себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы жанар-жағармай бағасы реттелмейді және осы жанар-жағармай бағасын талқылау кезінде екі мәселені есте ұстауымыз керек. Біріншісі - әлемдік бренд бағасына тәуелділік. Екіншіден, көршілес елдерде қалыптасқан бағадан қатты айырмашылық болмауы тиіс. Биыл елімізде дизель отынының тапшылығы болды. Оның басты себебі - көрші елдермен салыстырған баға айырмасының өте жоғары болуы. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүйелі өзгерістер әзірлеп жатырмыз», - деді министр Сенат депутаттарының сауалына орай.

Мағзұм Мырзағалиевтің атап өтуінше, жүйелі өзгерістерде еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстарының мерзімдерін нақтылау және регламенттеу көзделеді.

Екіншіден, елімізде мемлекеттік материалдық қор қалыптастыру, үшіншіден жанар-жағармайды бақылау қолға алынады.

Сонымен қатар әр мұнай базасында тиісті құрал-жабдықтың болуы қадағаланады.

«Осы мәселерді зерттеп жатырмыз, қолға алдық. Жылдың соңына дейін нақты ұсыныстар енгіземіз», - деді ол.