15 нау, 2022 сағат 17:13

Жаңаөзенде жұмысқа орналастыру жөніндегі комиссия жұмысын жалғастыруда


8 ақпаннан бастап Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаевтың басшылығымен Жаңаөзен қаласында халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешу үшін өңір басшысының тапсырмасымен құрылған облыстық комиссия жұмыс істейді. 

Комиссия мүшелері қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған кешенді даму жоспарын негізге ала отырып, Маңғыстау облысындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің әлеуетін, еңбек нарығын жан-жақты зерделеді. 

- Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Халыққа өңірдің барлық тұрғындарын мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін еместігін түсіну қажет. Мен арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз әрекеттер жасамауға шақырамын, - деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев. 

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша, биыл Жаңаөзен қаласында 2570 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Оның 1434 тұрақты жұмыс орны, ал 1136 уақытша жұмыспен қамтылатын болады.


Атап айтсақ: 

- Қалалық жұмыспен қамту орталығынан  5 санат бойынша кезекте тұрған 682 адам мұнай-газ саласына жұмысқа орналасудың қолданыстағы алгоритмі бойынша жұмысқа қабылданатын болады. Комиссия жұмысы басталған сәттен бастап, 682 адамның 150-і жұмысқа орналасуда. 

- "Өзенмұнайгаз" АҚ сервистік қызмет көрсету мекемелерінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, халықтық бақылау тобы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы Жұмыс комиссиясының ұсынымдарына сәйкес құрылған 318 жұмыс орнына таңдалған азаматтарды жұмысқа орналастыру көзделеді. Оның 300-і жұмысқа орналасу үстінде. 

Кешенді даму жоспары аясында қалалық, кентішілік автомобиль жолдарын жөндеу, Теңге ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, Теңге ауылына дейін су құбырын тарту және т.б. жұмыстар істелетін болады. Сондай-ақ жалақысы 150 мың теңгеден басталатын 155 жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. "Жұмыс жасайтын" жобасы аясында 400 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Бұдан басқа жеке кәсіпкерлер есебінен 390 жұмыс орны құрылады. Бұл бос жұмыс орындарының жалақысы 150 мың теңгеден басталады. 

Қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шаралар кезең-кезеңмен іске асырылатын болады.