17 сәу, 2023 сағат 13:17

Жаңаөзенде тұрғын үйдегі жарылыстан қаза болғандар саны 3 адамға жетті

Фото: ҚР ТЖМ

Жаңаөзендегі жарылыстан қаза тапқандар саны артты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

"Құтқарушылар үйінді астынан тағы үш адамды тірідей алып шықты. Олар - ер адам, әйел және бір бала. Осылайша, қазіргі жағдай бойынша құтқарушылар үйінді астынан аман қалған 4 адамды және 3 адамның денесін шығарды.

Құтқарылғандарды және медициналық көмекке жүгінгендерді қосқанда барлығы 8 адам ауруханаға жатқызылды.

Үйінділерді талдау бойынша жедел жұмыстарға 40-қа жуық техника мен 350-ге жуық адам жұмылдырылды: құтқарушылар, оның ішінде кинологиялық есептоп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция, еріктілер", - делінген ТЖМ хабарламасында.

Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бүгін таңғы бесте Жаңаөзен қаласында 12 пәтерлі екіқабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Болжам бойынша 2-ші кіреберістегі пәтерде газ қоспасы жарылған. Жарылыс салдарынан 3 пәтерге зақым келген. Тұрғын үй газдан ажыратылды.