Жаңаөзенде демалыс күндері карантин тәртібін бұзып, той жасағандар жазаланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық мониторинг тобы рейд кезінде бас санитардың қаулысын орындамаған 3 той мен мейрамхана иелерін анықтады.
Жаңаөзен полиция бөлімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, той үстінен түскен мониторингтік топ мүшелері «Ақсұлу» мейрамханасына жиналған қонақтар мен қалыңдықты үйіне қайтарды.
«Тойға келушілердің саны 70 адамнан асып кеткен. Маска тақпай, әлеуметтік ара қашықтықты сақтамаған. Той дереу тоқтатылды. Қонақтар үйлеріне қайтты. Ал, екінші «Еуразия» мейрамханасының иесі мониторинг тобының ескертуіне құлақ аспады. Есікті іштен кілттеп алып, тойды тоқтатпастан өткізді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, «Хан шатыр» мейрамханасының иесі полицейлерді көріп, тойдағы қонақтарды өзі қуа бастаған. Бас санитар дәрігердің қаулысын бұзған кәсіпкерлерге 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.