Жаңаөзен қаласында газ құю бекеттерінде газ бағасы 55 теңгеден сатылатын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осыған дейін сұйытылған газ бағасы 60-65 теңгеге көтерілген еді. Кейбір қоғам белсенділері оны түсіріп, әлеуметтік желіге салса, кейбір тұрғындар әкімдік алаңына арнайы барып, шаһар басшысы Мақсат Ибағаровпен кездесіп, талаптарын білдірді. Тұрғындар газ бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді қатаң қадағалауды сұрады.
Осыған байланысты қала әкімі арнайы жиын өткізіп, оған осы мәселеге жауапты мамандардың барлығы қатысты. Жиында Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Қартбаев электронды сауда алаңы, лимит мәселесі жөнінде түсінік берді.
Оның сөзінше, бағаның көтерілуінің басты себебі «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС өндіретін сұйытылған газдың электронды сауда алаңына шығаруына байланысты болған.
Қала әкімі осы мәселе бойынша өткізілген жиында ашық диалог болғанын атап өтті.
«Жиында ашық диалог құрдық, кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдірді. Келіссөздер нәтижесінде құзырлы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, қалаға кесте бойынша бөлінген газды 55 теңгеден сату жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ бірнеше жеке кәсіпкердің сұйытылған газды электронды сауда алаңы (ЭСА) арқылы сатып алғаны анықталып, оларға ЭСА арқылы сатып алынған газды 57 теңгеден саудалауға рұқсат етілді. ЭСА арқылы сатып алынған газ біткен соң кестеге сай сатып алынған газ 55 теңгедан саудаланады», - деп хабарлады қала әкімі Мақсат Ибағаров.
«Қазақ газ өңдеу зауыты басшылығына сұйытылған газды кәсіпкерлерге кестеге сай үлестіруге, бағаны түсіру үшін олардың әрқайсысына қосымша 10 тонна газ беру тапсырылды. Сондай-ақ, сұйытылған газ көп мөлшерде қажет болатын көктем-жаз айларында қосымша газ бөлу мәселесі алдағы уақытта қаралатын болады»,-деп атап өтті шаһар басшысы.