видеодан алынған кадр
Бүгін Жаңаөзен қаласында жолды жауып тастаған бір топ адам полицияға жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 12 сәуір күні таңертең Жаңаөзен қаласында бір топ азамат қала тұрғындарының көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жолды жауып тастаған. Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті және көлік құралдарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізу үшін оларды Жаңаөзен қаласы полиция басқармасына жеткізген.
"Мұндай іс-әрекет ҚР ӘҚБтК-нің 614-бабы (Көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру) бойынша шара қолдануға және ол 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жауапкершілікке тартуға әкеліп соғады", - дейді тәртіп сақшылары.
Кейін олар үйлеріне жіберілген.
"Бұған дейін Жаңаөзенде жүріс бөлігін жауып тастағаны үшін ұсталған 24 адам осындай заңсыз әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілген соң үйлеріне жіберілді", - делінген ПД хабарламасында.
Айта кетейік, кеше Астанада қаласында Энергетика министрлігі ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізген мұнайшылар ұсталып, Жаңаөзенде оларды қолдаған мыңдаған адам орталық алаңға шыққан еді. Кейін ұсталған жұмысшылар босатылды. Ал бүгін көбісі пойызбен үйлеріне жіберілді.