Жаңадан құрылған Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарында әкімдіктер мен басқармалардың ғимараттары үшін 12 млрд теңге қажет. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар облыс орталықтарында әкімшілік ғимараттарды сатып алуға, жөндеуге және жалға алуға бюджеттен қанша ақша қажет екенін анықтады. Болжам бойынша 12 млрд теңгеге жуық қаражат керек", - деді Қуантыров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр қаржы бөлу мәселесі Қазақстанның бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен қаралатынын атап өтті.
Айтуынша, жақын арада Мәслихат сессиясында облыстарды басқару схемасын бекіту мәселесі шығарылады. Схема бекітілгеннен кейін өңірлерде облыс басқармалары құрылып, тиісті кадрлық тағайындау жүргізіледі.
Үкімет тиісті қаулыны қабылдап қойған. Онда қосымша бірліктер бөлу арқылы жаңадан құрылған облыстарда әкімдіктер штаты санының лимиті белгіленген.
Мемлекеттік органдар құрылғаннан кейін облыстар арасында бюджет пен коммуналдық меншікті бөлу жұмысы басталады.
Қуантыров жаңа облыс орталықтарында мемлекеттік органдар мен жұмысшылардың қызметіне қажет әкімшілік ғимараттар бар екенін атап өтті.