26 шіл, 2022 сағат 17:54

Жаңа туған сәбидің ата-анасы павлодарлық дәрігерлерге шағымданды


Павлодар облыстық ауруханасының дәрігерлері баласы жансақтау бөлімінде жатқан ата-анаға дөрекі сөйлеп, қоңырауларға жауап бермеген. Сәбидің ата-анасы бір аптаға жуық баласының жағдайы туралы ештеңе білмегенін айтты. Оларға емнің қалай жүріп жатқанын, ұлының қандай халде екенін ешкім айтпаған. Денсаулық сақтау басқармасы отбасы шағымына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Яна мен Василий Алавацкийдің тұңғышы биыл мамырда 1,6 келі, сегіз айлық болып дүниеге келген. Туғаннан кейін бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сәбидің миына қан құйылған, бірақ павлодарлық дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай, бір айға жуық уақыт өткен соң оны санитарлық авиациямен Нұр-Сұлтандағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жіберген.

Елордалық дәрігерлер балаға ауыр дәрежедегі гипоксия-ишемиялық энцефалопатия диагнозын қойды. Ем нәрестенің жағдайын тұрақтандыруға көмектескен. Ата-анасының айтуынша, бала тіпті сауығып келе жатқан.

"Жағдайдың ауырлығына қарамастан, бізге күніне екі рет баламен қауышуға рұқсат етілді. Әйеліме қолына алуға рұқсат етілді. Біз бір айға жуық сонда болдық, жағдайы жақсарғанын байқадық. Балам қолын көтеріп, саусақтарын қыса бастады. Оңалту аяқталған соң қайтадан Павлодарға жіберді. Алдымен перинаталды орталыққа, сонда 2-3 күн жатты, кейін ұлыңыз жаңа туған нәресте жасынан шықты деп, оны балалар ауруханасына ауыстырды", - дейді баланың әкесі Василий Алаватский.

Ер адамның айтуынша, ол ұлын соңғы рет 20 шілдеде, консилиум өткен күні көрген, онда дәрігерлер нәрестенің емі туралы айтуы керек болған.

"Бірақ неврология бөлімшесінің меңгерушісі бала өледі деп, оны емдемейтіндерін ашық айтты. Ол оны емдеудің мәні жоғын айтты. Дәл диагноз қою үшін қосымша анализ алуын сұрадық. Бірақ анализ ақылы, 40 мың теңге тұрады, дайындалуға 90 күн кетеді, балаңыз шыдамайды деген жауап естідік. Біраз күннен соң реанимациядан кейін паллиатив төсекке жатқызып, оның жағдайын өлгенше ғана бақылаймыз деді. Анализ үшін ақша төлеуге дайынбыз, бірақ дәрігерлер ұлымызды неге тірідей көміп жатыр? Оны көруге неге рұқсат етілмейді? Консилиумде ұлымызға трахеостомия жасайтындарын айтты. Бір аптаға жуық уақыт өтті, балаға не болғанын білмейміз", - дейді баланың анасы көзіне жас алып.

Әйел жүктілік кезінде Павлодар қаласының №4 емханасында бақылауда болған. Миома мен қант диабетіне қарамастан, дәрігерлер айтуынша, жүктілік жақсы өткен, нәресте патологиясыз дамыған. Бірақ жүктіліктің 33-ші аптасында аппарат судың көптігін анықтап, әйел шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Жағдайы нашарлаған соң кесар тілігі жасалған.

"Дәрігерлердің салғырттығынан ұлымыз қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Біреулер жүктілік кезінде дұрыс тексермеген, енді біреулер оны өмір сүруге қауқары жоқ деп шешкен. Дәрігерлер құтқарып, емдемей ме, әсіресе сәбиді, бірақ ұлымызға немқұрайдылық танытып, оған мүлде көмек көрсеткісі келмейтіндей", - деді сәбидің әкесі.

Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері сәбиді емдеп жатқанын айтты. 

"Бала облыстық балалар ауруханасында толық ем қабылдап жатыр. Ата-анасына баланың жағдайы мен аурудың болжамы туралы ақпарат берілді. Консилиум күні ата-анасына балаға баруға мүмкіндік берілді. Эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында және жансақтау бөлімшесінің ережелерін ескере отырып, жиі қауышу мүмкін емес", - деп түсіндірді облыстың ДСБ өкілдері.

Сондай-ақ, ведомство сәбидің ауыр халіне байланысты ата-ананың талабы бойынша массаж және жаттығу терапиясы түріндегі оңалту емі көрсетілмейтінін айтты.

"25 шілдеде Нұр-Сұлтан UMC КҚ мамандарының қатысуымен телемедицина жүргізуге өтініш берілді. Консультация нәтижесі туралы баланың ата-анасына хабарланады", - деді ведомство өкілдері.

Сәбидің ата-анасы Денсаулық сақтау басқармасына, Павлодар облысы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне арыз жазып, тіпті облыс әкімі орынбасарына де барған. Келесі күні оларға ұлымен кездесуге рұқсат берілген.

"Оның жағдайы нашарлап кетті, комада жатыр, басында перинаталдық орталықтан қалған төсек іздері бар. Дәрігерлердің өзі оң динамикамен түскенін, қазір жағдайы нашарлап кеткенін айтады. Нақты диагноз әзірге белгісіз. Ұлымызға Нұр-Сұлтанда нақты диагноз қойып, емдеуді бастауын сұраймыз. Кеш болып кете ма деп қорқамыз, көмек қолын сұраймыз", - деді баланың әкесі.