18 қыр, 2024 сағат 11:36

Жаңа салық кодексі несімен жаңа?

Фото: pixabay.com

Кеше, 17 қыркүйекте Қазақстанның ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин жаңа Салық кодексі жобасын таныстырды. Ult.kz жаңа кодексте қандай ерекшеліктері барын баяндайды.

Әмриннің айтуынша, жаңа Салық кодексінде салық әкімшілігіне баса назар аударылады. Әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіледі. Салық төлеушіні тіркеу оңайырақ болады. Салық есептілігі қысқартылады. Бақылау цифрландырылады.

«Өндіріске, технологиялық жабдықтарға қайта инвестициялау үшін кешенді тәсілдер әзірленді.
Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды, бизнесті бөлшектеу тәуекелдерін азайту бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар, сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу, «сән-салтанат салығын» енгізу, салықтар мен төлемдердің санын 20%-ға азайту, салық жеңілдіктерін 20%-ға қысқарту тапсырылды. Жалпы, барлық тапсырмалар бойынша Үкіметтің ұсыныстары әзірленді», - деді вице-министр. 


Оның сөзінше, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер санын кем дегенде 20%-ға қысқарады.

«Айтарлықтай фискалдық қайтарым жоқ төлемдер алып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі. 
Бізде тек 12 салық бар. Олар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Шаруа және фермер қожалықтарынан алынатын бірыңғай жер салығы ғана табыс салығымен мәндес. Сондықтан бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылады. Шаруалар мен фермерлер үшін жеңілдікті режимнің өзі сақталады. Тек төлем кодының атауы өзгереді», - дейді ол.


Жаңа кодексте 11 төлемнен 2-ін алып тастау ұсынылған. Бұл – сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін және жекелеген қызмет түрлерімен айналысқаны үшін лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер.

Сондай-ақ 3 төлемді біріктіру ұсынылған: жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін, орманды пайдаланғаны үшін және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін. Бір төлем болады – табиғи ресурстарды пайдалану үшін төлем.

Жалпы, төлем мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады. Алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылады. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алып тасталады.

Сондай-ақ мемлекеттік баждардың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқартылады. Бұл салықтар мен төлемдер санын 20%-дан астамға қысқарту міндетін орындауға мүмкіндік береді.

Келесі міндет – салық жеңілдіктерін ретке келтіру және олардың көлемін кем дегенде 20%-ға қысқарту. 2022 жылғы салық декларацияларының деректері бойынша олардың сомасы 9,5 трлн. теңге. Оның ішінде 744 норма 3,3 трлн теңге сомаға жеңілдіктер ретінде анықталды.

Бүгінгі таңда 1300 млрд. теңгеден астам сомаға 110 салық жеңілдіктерін алып тастау ұсынылады. Бұдан басқа, 400 млрд. теңгеден астам сомаға 29 салық жеңілдіктері бойынша қолданылу мерзімі шектелетін болады. 

«Өздеріңізге мәлім, өткен жылдары салық есептілігінің нысандары барынша жеңілдетілді. Бұл есеп жүргізуге қиындық тудырды. Енді жеңілдік міндетті түрде салық есептілігі нысандарында көрсетіледі. Бұдан басқа, тиісті салалық мемлекеттік органдарға тиімділік көрсеткіштерінің мониторингі бойынша міндеттемелерді бекіту ұсынылады», - дейді вице-министр.


Сондай-ақ, жүйелі шаралар ретінде салықтық жеңілдіктер ұғымын нақты регламенттеу, оларды беру тәртібі, Мониторинг, талдау, оларды алып тастау тәртібі ұсынылады. Мұның бәрі заңға тәуелді актілермен реттелетіні айтылған. 

«20% базалық мөлшерлеме сақталады. Банк секторы мен ойын бизнесі үшін 25% жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Бұл ретте, егер банктер экономиканың нақты секторын кредиттейтін болса, онда мұндай кірістер бойынша 20% базалық мөлшерлеме қолданылады. 10% деңгейіндегі мөлшерлеме өз өнімдерін өндіру үшін, сондай-ақ қаржы лизингі мен әлеуметтік салаға үшін ұсынылады.
Бұл ретте әлеуметтік сала үшін өз акционерлері мен құрылтайшыларына дивидендтер төлеуге рұқсат беру ұсынылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3% деңгейіндегі мөлшерлеме сақталады. Салық төлеушілердің барлық санаттары үшін, субъективтілік мөлшеріне қарамастан, инвестициялар үшін «әмбебап» ынталандырулар берілетін болады», - дейді вице-министр.


Сонымен бірге ,имараттарды, құрылыстарды, машиналарды, жабдықтарды, функционалды мақсатына сілтеме жасамай бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу/салу шығындарын 100% шегеру түрінде бір жолғы инвестициялық салық преференциялары ұсынылған. 

Сондай-ақ, бұған дейін айтылғандай, өз өндірісінің өнімдерін өндіру және сату үшін табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі ұсынылады.

«Шикізатты қайта өңдеу үшін ҚҚС бойынша ынталандыру да беріледі. ҚР-да қайта өңделетін шикізат пен материалдардың импорты бойынша ҚҚС бойынша 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру ұсынылады. Стандартты инвестициялық келісімшарттар, арнайы инвестициялық келісімшарттар, көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, тұрмыстық техника үшін ҚҚС бойынша жеңілдіктер сақталады», - дейді ол.


Ғылымға инвестициялар үшін қосымша ынталандыру ретінде ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруға арналған 300% шығыстар бойынша «супер шегерімдер» ұсынылған. Бағалы қағаздар операциясы бойынша жеке тұлғалардың кірістеріне салық салу тәртібі қайта қаралатын болады. Кірістер мен залалдарға сальдо жасау ұсынылып отыр. Ескі және рентабельділігі төмен кен орындарында өндірудің тұрақты деңгейін қолдау бойынша шаралар ұсынылған. 

«Сарқылып жатқан кен орындарын игеру кезінде бірқатар басқа салықтардың орнына жер қойнауын пайдалануға баламалы салық төлеу құқығы беріледі. Бұл ретте, кен орнына салықтық үнемдеуді инвестициялау және босатылған ақшалай қаражатты дивидендтерге емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлу бойынша қарсы міндеттемелер бекітілетін болады. Мемлекет басшысы геологиялық барлауға ірі жеке инвестицияларды тарту үшін икемді реттеуші және фискалдық жағдайлардың қажеттігін атап өтті. Барлау сәтсіз болған жағдайда геологиялық барлау тәуекелдерін нивелирлеу үшін басқа қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде немесе келісімшарттан тыс қызмет бойынша барлауға арналған шығыстар бойынша шегерімдерді қолдануға рұқсат беру ұсынылады», - дейді вице-министр. 


Сондықтан, жаңа кен орындарын ашуды ынталандырумен қатар, сирек және жер бетінде өте сирек кездесетін металдарының едәуір қоры болуы мүмкін техногендік минералдық түзілімдердің әлеуетін ашу талап етілген. Осыған байланысты техногендік минералдық түзілімдердің құрамынан пайдалы қазбаларды өндіру үшін ПҚӨС төмендетілген мөлшерлемесі белгілеу ұсынылады.

Вице-министр жеке тұлғаларға салынатын салық бойынша да жаңашылдықты айтып берді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаумен қатар, қоғам жиі көтеретін мәселелер шешіледі. Мәселен, жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген. Сондай – ақ, қолдануы 10 жылдан асқан автомобильдер үшін салық сомасы 30%-ға, 20 жылдан асқан автомобильдер үшін – 50%-ға төмендетілетін болады», - дейді ол.


Шенеуніктің сөзінше, «Сән-салтанат» заттарына жоғары салық салу жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін мыналар ұсынылады: 

  • - жиынтық құны 450 млн. теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының жоғары мөлшерлемесі; 
  • - кедендік құны 75 млн. теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салу; 
  • - қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу.

Шағын бизнесті қызықтыратын өте маңызды мәселе – арнайы салық режимдерін реформалау. 
Олардың саны оңтайландырылады. Тек 3 режим ұсынылады. 

Бірінші. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим ұсынылады, онда ЖТС мөлшерлемесі нөлге тең. 

Табыстың шекті мәні – жылына 15 млн. теңгеден аспайды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет емес.

Мөлшерлеме айналымнан 4%. Олар 2% – МЖА, 1% – ӘМСМ, 1% – ӘСМҚ. Екінші. Оңтайландырған декларация негізінде АСР.

«Мәслихаттардың мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендету құқығын сақтай отырып, В2С операциялары үшін 4%-дық мөлшерлеме, сондай-ақ В2В операциялары үшін 12%-дық мөлшерлеме. Айналым бойынша ұсынылатын шекті мән – жылына 600 мың АЕК. Осы АСР қолдану үшін қызмет түрлеріне тыйым салу тізімі ұсынылады. Жұмысшылар саны шектелмейді. Сондай-ақ, осы режимді қолданатын салық төлеушілер ҚҚС төлеушілер болып табылмайды. Үшінші режим. Шаруа және фермер қожалықтары үшін режимді сол күйінде сақтау ұсынылады. Тек бірыңғай жер салығының орнына ЖТС төленетін болады. Осы режим үшін тиімсіз пайдаланылған жерлер бойынша жер салығын базалық мөлшерлемеден 40 есе мөлшерде енгізу ұсынылады», - дейді министрдің орынбасары.