26 ақп, 2021 сағат 09:36

Жаңа өндірісті ынталандыру үшін грант берілмек

Қазақстанда жаңа өндірісті ынталандыру үшін өнеркәсіптік грант берілмек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін реттеу бірқатар бағыт бойынша жүзеге асырылады. Еңбек өнімділігін арттыру – осы көрсеткіштің мониторингін өнеркәсіпті ынталандыру саласындағы уәкілетті орган тұрақты негізде жүзеге асырады. Инвестицияларды тарту мақсатында Бірыңғай инвестициялық карта әзірленеді. Өңірлерді ынталандыру, олардың рөлі мен жауапкершілігін күшейту және операторларды тарту ға жаңа жағдайлар жасау бөлігінде Индустрияландыру картасын қалыптастыру бойынша жаңа тәсілдер бекітіледі», - деді Бейбіт Атамқұлов Сенатта өтіп жатқан «ҚР өнеркәсіптік саясатты заңнамалық реттеу: жай-күйі, проблемалары және шешу жолдары» тақырыбындағы Үкімет сағатында.  

Шикізатты қайта өңдеуді тереңдету үшін Қазақстан аумағында өндірілмейтін шикізат пен жинақтауыштарды баждан босатуды көздейтін Стратегиялық өнім тізбесін енгізіледі. Осы арқылы отандық шикізатқа қол жеткізуді қамтамасыз ету және жоғары сапалы өнім шығару тетігі пысықталады.

«Жабдықтарды жаңғырту және шығындарды бірлесіп қаржыландыру арқылы жаңа өндіріс құру мақсатында заң жобасымен ынталандырудың жаңа құралы – өнеркәсіптік грантты беру көзделген», - деді ол.