06 ақп, 2019 сағат 11:54

Жаңа міндеттер айқындалды

2018 жылы Алматы облысында 31 мың жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-ке төмендеген. Бұл туралы кеше облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында айтылды. Онда облыстың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылға арналған міндеттер туралы мәселе қаралды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Облыс әкімінің орынбасары Ж. Тұяқовтың оқыған баяндамасының мәліметтеріне қарағанда, барлық салада оң серпін сақталған. Өндірістегі өсім 3,1 %, ауыл шаруашылығында 3,6 %, құрылыста – 1,6 % құраған, 574 млрд. теңге инвестиция тартылып, 3 %-ке өскен, 712 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасында 3 индикаторға қол жеткізілді. Мәселен, өңдеуші өнеркәсіптің көлемі 1,7% артып, 762 млрд. теңгеге жеткен, ал шикізаттық емес экспорт 14,6% өсіп, 298 млн. АҚШ долларынан асты. Өңдеуші өнеркәсіпке 80 млрд. теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 703 млрд. теңгеден асты. АӨК-ге 82 млрд. теңге инвестиция тартылған, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге көп.

Баяндамашының айтуынша, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға өңірде көп көңіл бөлінген. Атап айтқанда, халықты «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, 63 мың теңгеге дейінгі жалақы алатын жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, білім гранттарын 20 мың орынға көбейту, бұл облыс бойынша оқуға түскендердің санын 35 %-ке ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сол сияқты 2218 орындық 11 жатақхана салуға жер учаскелері белгіленген, биылғы жылдың наурыз айында Талдықорғанда 288 орынға арналған алғашқы жатақхананың қайта жаңғырту жұмыстары басталады. 4-ші бастама шеңберінде 2018 жылы өңірде 6,1 млрд. теңге болатын 1339 микрокредит берілген, соның нәтижесінде 1400-ден астам адам жұмыспен қамтылды.

Ж. Тұяқов кемшіліктерге де тоқталып өтті. Олардың қатарында газдандыру ісі де бар. Көрсетіліп отырған қолдауларға қарамастан бүгінгі күні облыста 142 елді мекен газдандырылған, облыс бойынша газдандыру деңгейі 30 %. Облыстың қалаларында шағын және орта бизнесті дамытуға микрокредиттер беру жұмысы нашар жүргізілуде. Өңірдің бірқатар аудандарында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша оқытылған азаматтарды жұмысқа орналастыру деңгейі төмен.

Баяндамашының сөзін тыңдаған облыс әкімі А. Баталов облыстың аудан, қалаларының әкімдері жіберілген кемшіліктерді биылғы жылы жойып, жұмысты күшейтулері керектігін еске салды.

«Мемлекет басшысы жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдымызға нақты міндеттер жүктеді. Барлығымыз сол берілген тапсырмаларды орындау бағытында жүйелі жұмыс істеуіміз керек», - деді А. Баталов.

Мұнан соң сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров облыста ауыл шаруашылығын дамыту, жер мәселесінде заңсыздықтарға жол бермеу мақсатында атқарылған істерге тоқталып өтті.

Жиында кезегімен мінбеге Талғар және Қаратал аудандарының әкімдері көтеріліп, жасалған істері мен 2019 жылғы міндеттері туралы айтты.

Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов Талғар ауданының әкімі Р. Сатбаевқа «7-20-25» бағдарламасын іске асыруды, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына арнап жалгерлік құрылысты жандандыруды тапсырды. Сол сияқты үш ауысымды мектептер мәселесін белсенді шешу де жүктелді.

Қаратал ауданына келсек, мұнда өнеркәсіпті өркендету міндеті тұр. Аудан әкімі Р. Рақымбековке қарата облыс әкімі:

- Өз сөзіңде ауданда бірнеше кәсіпорын ашылады деп есеп бердің. Олардың барлығы іске қосылса, шынында жақсы ғой. Аудан аумағында темір жол бар, бұл – үлкен мүмкіндік. Жуырда газ жеткізіледі. Елді мекендер ішіндегі газ тарату жүйелерінің құрылысын жүргізуге дайын болу керек. Кеңірек ойлап, алысты көріп үйрену керек. Аудан әкімдерінің әрқайсысы газдандыруымен жеке дара айналысып, әрбір процесіне қатысуы керек, инвестор іздестіруі керек. Сонда ғана жұмыс ілгерілейді, - деді А. Баталов.

Облыстағы денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б. Ысқақ айтты. Бұл орайда облыс басшысы бірінші кезекте медициналық қызмет көрсету сапасы мен кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ мамандарға қажеттілігіне қарай тұрғын үйлер салу жайлы да сөз етті.

Осы жиын барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қ. Қашқымбаев пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сол сияқты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы З. Ілімжанова өзін өзі жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу бойынша Жол картасының өңірде жүзеге асырылуынан хабардар етті. Оның айтуынша, қазіргі кезде өзін өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы 401 мың адамның 267 мыңының мәртебесі анықталған, қалған 134 мың адам бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:

- Жалпы 2018 жылдың қорытындысы бойынша барлық салада өсім қамтамасыз етілді. Бұл - бәріміздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Биылғы жылы осы даму қарқынын сақтап қана қоймай, оны барынша ұлғайта түсуіміз керек. Инвестиция тартуға көп күш-жігерімізді жұмасауға тиіспіз. Бұл мәселемен менің орынбасарым Серікжан Бескемпіров нақты айналысатын болады. Орынбасарым Жеңіс Тұяқовқа Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары бойынша экономикалық талдау жасауды тапсырамын. Бірінші кезекте бізге импорталмасумен айналысу керек. Сол сияқты экспортқа бағытталған жаңа кәсіпорындар ашу үшін инвесторлар тартылуы тиіс. Шағын және орта бизнесті дамытуды күшейту керек. Әрбір аудан, қала әкімдерінің жұмысы осы көрсеткішпен де бағаланатынын ұмытпаңыздар. Ауыл шаруашылығы да – басты назардағы сала. Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруді бастадық, бірақ бұл істе де салмақты нәтиже болуы керек. Биылғы жылы кемінде 30 мың га суармалы жерді айналымға енгізуді міндеттеймін. Ет экспортының көлемін ұлғату керек, Алматы облысы үшін 1000 тонна деген өте аз, одан да көп көлемде шығаруға мүмкіндігіміз бар, бірақ алдымен осы бағыттағы жұмысты зерделеп, талдап алуға тиіспіз. Алматы өңіріндегі көтерме-бөлшек сауда орталықтарын құру ерекше назарымызда. Облыстағы денсаулық сақтау саласын цифрландыруды да үздіксіз жүргізу керек, ол үшін медициналық құрал-жабдықтар алуды жалғастыратын боламыз. Үш ауысымды мектептер мәселесін шешуді де жеделдету керек. Тағы бір мәселе – қоғамдық қауіпсіздік. Өткен жылы қылмысты ашу көрсеткіші төмендеп кетті. Бұл қажетті қолдаулар көрсетіліп жатқанынан қарамастан ішкі істер органдарының нашар жұмыс істегенін айғақтап отыр. Биылғы жылы жұмысты барлық бағыт бойынша қузайтын болыңдар, - деді А. Баталов.

Сондай-ақ, облыс басшысы: "Президент алдымызға нақты міндеттер қойды, сол бағыттарда білек түре іске кірісуіміз керек, бастысы – халықтың бағасы. Мемлекет басшысы белгілеп берген 5 негізгі басымдықты негізге ала отырып, барлығыңнан тек сапалы, тиімді жұмыс талап етемін", - деп сөзін түйіндеді.