Астана әкімі Алтай Көлгінов мектептердің жетіспеушілігі мәселесін шешу жолдары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халық санының артуымен бірге, жаңа мектептерді іске қосу мәселесі де өзекті бола түседі. Соңғы 10 жылда елордадағы мектептер саны 1,5 есеге артқан. Бірақ, жаңа сын-қатерлерге төтеп беру үшін бізге әлі жұмыс істеу керек. Себебі халық саны соңғы 10 жылда екі есеге көбейді. Сәйкесінше, әлеуметтік инфрақұрылымға – мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандары мен көлікке салмақ түседі», - деді Алтай Көлгінов Қазмедиа орталығында өткен ҚР БҒМ пленарлық отырысында.
Оның айтуынша, соңғы 10 жылда мектеп оқушыларының саны еселеп артқан.
«Он жыл бұрын астанада 73 мектеп пен 75 мың оқушы болса, биыл 108 мектеп және қыркүйек айынан бастап, 185 мың оқушы білім алмақ. Сондықтан, елорданы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда 40 білім беру нысаны салынады», - деді әкім.
Әсіресе, жаңа мектеп құрылысына жеке инвесторларды тарту көзделіп отыр.
«Біз инвесторларға бар жағдайды жасаймыз. Инвесторлар кеңесінде 11 мектеп құрылысының жеке инвестор есебінен жүргізуді мақұлдадық. Осыдан кейін тағы 2-3 инвестор өз қаражатынан мектеп тұрғызуға ниет білдірді. Егер бұл мектептер салынса, 12 мың оқушыны мектеп орнымен қамтамасыз ете аламыз. Әзірге Нұр-Сұлтан мектептерінде 17 мың орын жетіспейді», - деді елорда әкімі.